What are you looking for?

Суперкомпьютерлер мамандардың орнын алмастыра ала ма? Вице-министр жауап берді

01.04.2025

Үкіметтің брифингінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин суперкомпьютерлердің қолданылуына қатысты тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БАҚ өкілі: «Суперкомпьютерлер болашақта қай салада көбірек қолданылады? Медицина, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда ма? Бұл мамандардың орнын алмастыра ала ма?» деп сұрады.

Осы ретте вице-министр Ростислав Коняшкин суперкомпьютерлерді қолданудың басты мақсаты үлкен көлемдегі деректерді өңдеу және күрделі есептеулер жүргізу екенін, бірақ бұл бір ғана құрылғы емес, керісінше, көптеген серверлер мен есептеу жүйелерінен тұратын кешен екенін айтты.

Олар әсіресе жасанды интеллект модельдерімен жұмыс істеуге бейімделген. Қазіргі таңда елімізде суперкомпьютерлік қуаттылығы жоғары жабдықтар сатып алынды. Біз алғашқы базалық сервистерді тестілеуді бастап кеттік, бұл негізінен үлкен деректер массивін талдау мен өңдеуге бағытталған. Мысалы, Әділет министрлігімен бірлесіп, заңнамаға қатысты кеңес беретін ассистент жүйесін әзірлеуге инвестиция жасалуда. Мұндай технологиялар жеке секторда да қолданылуы мүмкін. Яғни суперкомпьютерлер тек ғылыми зерттеулерде емес, түрлі мемлекеттік және бизнес салаларында да тиімді қолданылады, – деді брифингте Ростислав Коняшкин.

Сондай-ақ вице-министр олар толыққанды мамандарды алмастыра алады деп айтуға әлі ерте екенін тілге тиек етті.

Қазіргі міндет – оларды көмекші құрал ретінде пайдалану. Мемлекеттік органдармен бірлесіп агенттер мен ассистенттерді әртүрлі салаларға енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл сервистер азаматтар мен бизнестің қажеттіліктерін барынша қамтуға бағытталған. Әлемде суперкомпьютерлік технологияларды дамытатын жетекші компаниялар бар және біз олардың соңғы жетістіктерін елімізге енгізуге тырысамыз. Ең бастысы, мұндай технологиялар тиімді болып, азаматтар мен бизнеске нақты пайда әкелуі тиіс, — деді Коняшкин.

Social Link

Follow Me On Social Media