What are you looking for?

"1668 жылы жасалған": ақтаулық тұрғын 4 ғасырлық тарихы бар самаурынын көрсетті (фото)

01.04.2025

Ақтаулық кәсіпкер Зарета Фаталиеваның үйінде 4 ғасыр бұрын жасалған самаурын бар. Қоладан жасалған самаурын күні бүгінге дейін шоғы сөнбей, әулеттің құтты мұрасы болып тұр, деп хабарлайды otpannews.kz.

Зарета Фаталиеваның айтуынша, самаурын 1668 жылы Ресей патшалығы дәуірінде жасалған.

"Содан бері біз осы самаурынды қолданып келеміз. Бұл – біз үшін аса құнды, баға жетпес көне жәдігер. Самаурын қоладан жасалған. Самаурынның сыртында бірнеше ұстаның аты, мөрі, жасалған жылы қашалып жазылған. 4 ғасыр бұрын жасалған самаурынның патшалық Ресейдің нақты қай жерінде жасалғанын білмеймін", — дейді кәсіпкер.

4 ғасырлық тарихы бар самаурыннан шай ішуде
4 ғасырлық тарихы бар самаурын. Фото: otpannews.kz

Басылымның жазуынша, көне жәдігерлерді ерекше қызығатын Зарета Фаталиеваның үйінде бұдан бөлек, май сақтауға арналған ежелгі жез құмыра бар. Оның да өзіндік тарихы бар екен.

"Бір жылдары Дағыстанға барғанымда, өзім тұратын қазақ елінің дәстүрін, мәдениетін айшықтап көрсетіп тұратын дүниелердің тұруы үшін музейге қазақтың кәдесыйларын, ұлттық киімдерін алып бардым. Сонда музей басшылығы маған май сақтауға арналған ежелгі жез құмыраны сыйға тартты", — дейді Зарета Фаталиева.

Зарета Фаталиева қазақ халқының салт-дәстүрін берік ұстанады. Оның сөзінше, Дағыстанның салт-дәстүрі, мәдениеті қазақ халқының таным-түсінігіне қатты ұқсайды. Ата-бабасың төртінші ұрпағы Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстауда өсіп жатыр.

"Қалай айтқанда да, біз қазақ мәдениетіне жақынбыз. Менің әке-шешем Қазақстанға 1958 жылы келген. Шешемнің айтуынша, олар алғаш келгенде мұнайшыларға арнап қазылған жертөлелерде тұрыпты. Әкем арнайы жолдамамен келген мұнай маманы болған. Бізде барлық ұлттың ошағына айналған ассамблея мен мәдени орталықтар бар. Барлық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр", — дейді ол.

Social Link

Follow Me On Social Media