What are you looking for?

Қазақстан қызметтер саудасын ішкі реттеу жөніндегі ДСҰ ережелеріне қосылады

16.09.2026

Қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтіні белгілі болды.


Құрылтай отырысында "1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.

"Ұйымға қосылған сәттен бастап еліміздің сауда көлемі 2015 жылғы 76,5 млрд доллардан 2025 жылғы 136,9 млрд долларға дейін екі есе артты. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар Қазақстанның сауда рәсімдерін жеңілдету және сауда процестерін цифрландыру бағытындағы прогресін ерекше атап өтуде. Ұсынылып отырған заң жобасы – осы жұмыстың және ДСҰ-да қабылданған міндеттемелерді орындаудың жалғасы. Өзгерістер Қазақстанның қызметтер саудасы бойынша Жалпы келісімді дамыту мақсатында көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі ДСҰ ережелеріне қосылуын қарастырады", – деді министр.

2025 жылы қызметтер саудасы әлемдік сауданың шамамен 28 пайызын құрады, ал оның өсу қарқыны тауарлар саудасының өсу қарқынынан асып түсті. Көрсетілетін қызметтер саудасы 5,3 пайызға, ал тауарлар саудасы 4,6 алты пайызға өсті. Арман Шаққалиевтің сөзінше, бұл тек көлік, қаржы, сақтандыру немесе туризм сияқты дәстүрлі қызметтермен шектелмейді, IT қызметтер, электрондық коммерция, білім беру қызметтері белсенді дамып келеді.

"Ұсынылған талаптар қызмет көрсету саласын, соның ішінде қаржылық қызметтерді реттеудің жалпы негіздерін белгілейді. Қағидаларда өтінімдерді беру рәсімдері мен оларды қарау мерзімдерін жеңілдету, өтінімдерді және рұқсат құжаттарын электронды түрде беру мүмкіндіктері бойынша ұсынымдар қамтылған. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ қабылданатын шараларды әзірлеу кезеңінде талқылау мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Осылайша, негізгі міндет – қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды ашық, объективті және болжамды ету", – делінген баяндамада.

Бұл ретте қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтіні атап өтілді. Ведомство басшысының сөзінше, Қазақстан лицензиялауды, біліктілік талаптарын және басқа қажетті реттеу шараларын белгілеу құқығын өзінде сақтайды.

"Мұндай шаралар денсаулық, қауіпсіздік және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында белгіленуі мүмкін. Сондай-ақ, Қағидаларға қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілер үшін сыртқы нарықтарда қосымша мүмкіндіктер жасайтындығы маңызды. Бұл көрсетілетін қызметтермен өзара сауда жасау үшін тең жағдайлар жасалуына ықпал етеді. Цифрлық экономиканың, электрондық коммерцияның, қаржылық, көлік, IT және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қызмет көрсету саласын реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру бәсекелестіктің дамуына, инвестициялардың тартылуына және көрсетілетін қызметтердің экспортының өсуіне ықпал етеді", – деді Сауда және интеграция министрі.

Social Link

Follow Me On Social Media