Түркістан облысында 1-10 сыныптарда білім алатын 439 мыңнан астам оқушының 93,5% жазғы демалыспен қамтылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бюджет есебінен 10 мемлекеттік, 21 жекеменшік лагерде 41 мыңнан астам бала демалса, қалған 400 мыңға жуық оқушы жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады.
Биыл алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік лагерьлерде 7500-ден астам қосымша орын ашылды. Бұл туралы Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Биыл жекеменшік лагерьлерде жазғы демалыспен қамту үшін 8 ауданнан 11 500 балаға бөлінген қаржы мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланып, жеңімпаздары анықталды.
Жалпы өңірдегі 10 мемлекеттік және келісімшарт түзілген жеке меншік лагерьлерде 35338 бала демалатын болады. Мемлекет тарапынан бір балаға — 59 077 теңгеден бөлінеді. Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоры есебінен 2 465 бала, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына 420 бала, ата-ана есебінен 5000-ға жуық бала жазғы лагерлермен қамтылады. Туристік 1 күндік жорықтар мен экскурсияларға 75 129 оқушы барады деп жоспарлануда,-деді спикер.