What are you looking for?

Ресей 20 жыл бойы жасырынып келген қашқынды Қазақстанға экстрадициялады: Бас прокуратура мәліметтерді айтты

02.06.2025

Бұл туралы бүгін республикалық қадағалау органының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмыстық ұйымға қатысқаны, аса ірі көлемде есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ олардың контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу үшін еліміздің азаматын Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Аталған тұлға 2003 жылы Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге героин мен опий жеткізумен айналысқан қылмыстық қауымдастықтың құрамына кірген. Күдікті есірткіні тасымалдау, сақтау және қылмыстық қауымдастықтың басқа мүшелеріне өткізу қызметтерін атқарған», – деп жазылған ресми ақпаратта.

2003 жылы Қызылорда және Қарағанды облыстарында жүргізілген арнайы операциялар барысында қылмыскерлердің бір бөлігі ұсталып, олардан 35 кг героин мен 28 кг опий алынған.

Ұсталған адамдар кейін сотталған, ал күдікті құқық қорғау органдарынан қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған.

20 жыл бойы іздеуде жүрген ол өткен жылдың желтоқсанында Ресейдің Самара облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі таңда ол тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Social Link

Follow Me On Social Media