Нысанның дайындық деңгейі 90%-дан асты.
Негізгі инженерлік және құрылыс жұмыстары аяқталып, көріктендіру, шағын сәулет нысандарын орнату және көгалдандыру қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Алматы қалалық әкімдігіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Сайран су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
"Жоба аясында 12 мың текше метр асфальт пен 13 мың текше метр кеспе тас төселді, 563 жарықтандыру бағаны мен шамамен 50 бейнебақылау камерасы орнатылып, жедел хабарлау жүйесі енгізілді. 3 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылып, жағажай аймағына 6,5 мың тонна құм жеткізілді. Құтқару станциялары, полиция пункттері және қоғамдық дәретханалар салынды.
Жоба инклюзивті инфрақұрылымды қамтиды: ұзындығы 2,5 км серуен жолы, демалыс пен серуендеуге арналған аймақтар, скейтпарк, велопарк, паркурға арналған алаңдар, футбол және волейбол алаңдары, балалар қалашығы мен ит серуендету аймағы қарастырылған", – делінген қалалық әкімдік таратқан хабарламада.
Айта кетейік, мегаполистегі Сайран су қоймасы 1971 жылдан бері пайдаланылып келеді. Нысанға соңғы рет ауқымды көріктендіру жұмыстары 1988-1989 жылдары жүргізілген.