Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 80 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 54 адам қамауға алынған.
Ал, 26 құқықбұзушыға жалпы сомасы 4,6 млн теңге айыппұл салынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қала прокуратурасы, полиция органдары және жергілікті атқарушы органдарымен бірге вандализмге қарсы күресті үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Мысалы, осы жылдың 10 мамырында сағат 07:00-де "Женева" тұрғын үй кешенінің кіреберістерінің бірінде лифт конструкциясын қасақана зақымдап, аяғымен шыны есікті сындырған астаналық тұрғын 5 тәулікке қамауға алынды. Ол 40 мың теңгеге шығын келтірген. 28 жастағы қала тұрғыны мас күйінде дүкеннің әйнек терезесін кірпішпен сындырғаны анықталды.
Прокуратура қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттері үшін 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза бар екенін ескертеді.