Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Комиссия мүшелері Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ведомстволық наградалардың бірыңғай стандартын және тізімін әзірлеу жөніндегі мәселені талқылады.
Басқосуда Мәдениет және ақпарат министрлігі ведомстволық наградаларды қолдану және жетілдіру үшін атқарылып жатқан шаралар бойынша есеп берді. Сондай-ақ ведомстволық наградаларды оңтайландыру мен жүйелеудің жалпы тәсілдерін ұсынды.
"Кейбір министрліктерде 2-3 ведомстволық наградалар болған, ал басқаларында олардың саны 20-ға жеткен жағдай кездескен. Нақты критерийлер болған жоқ. Енді біз барлық ведомстволар үшін жалпы тәсілдерді айқындадық, оған сәйкес әрбір министрлікке ведомстволық наградалардың бірыңғай тізбесі бекітілетін болады. Нәтижесінде ведомстволық наградалар оңтайландырылатын болады", — деп атап өтті Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші ведомстволық наградалар саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.