What are you looking for?

ТЖ вице-министрі қызметінен босатылып, Абай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

02.06.2025

Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов лауазымынан босатылып, Абай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды , деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметі Серік Төленбергеновтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Артынша Абай облысы әкімдігінің ресми сайтында Серік Төленбергенов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғаны туралы ақпарат жарияланды.

"Президент әкімшілігінің келісімімен, Абай облысының әкімі Берік Уәлидің өкімімен 2025 жылдың 2 маусымынан бастап Серік Төлеуғалиұлы Төленбергенов облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімі бүгін оны облыс активіне таныстырды", — делінген хабарламада.

Серік Төлеуғалиұлы Төленбергенов 1974 жылы 13 желтоқсанда Семей облысы Жарма ауданы Шар қаласында дүниеге келген.

2002 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін "Экономика", 2006 жылы Қазақстан — Америкалық еркін университетін "Заңтану" мамандығы, 2013 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы және валюталық бақылау комитетінің Семей облысы бойынша басқармасының бақылаушы-ревизоры болып бастаған.

Әр жылдары "Құрмыш ЛТД" ЖШС-ның бас директоры, "Құрмыш ЛТД" ЖШС, "Аст-Пром" ЖШС, "Восток-Холдинг ЛТД" ЖШС-нің директоры, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі, Ақтөбе облысы, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2013-2024 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының, Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының, Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.

Тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі болып қызмет атқарды.

Social Link

Follow Me On Social Media