Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский 2022 жылдың 6 сәуірінде коронавирус салдарынан көз жұмды. Сол уақыттан бері саясаткердің артында қалған мұра үшін нағыз күрес жүріп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
"РИА Новости" мәліметінше, Владимир Вольфовичтің мүлкіне оның үш баласынан бөлек, екі жиені — Елена Листопадова мен Наталья Соколова да үміткер.
Бұл әйелдер саясаткердің екі пәтері, жер учаскесі мен үйін алғысы келген. Алайда сот олардың талабын қанағаттандырмады. Соған қарамастан, Листопадова берілмей, марқұм ағасының мүлкі үшін күресті жалғастырып жатыр.
Елена сотта Жириновскийдің ұлдары Давид Гарсиа (Игорь Лебедев) мен Олег Эйдельштейнге қарсы талап қойып, "асыраушымен өмір бойғы қамқорлық туралы келісімді" жарамсыз деп тануды сұрады.
Айта кетсек, Олег Эйдельштейн Жириновскиймен туыстығын тек өткен жылдың маусым айының басында ғана ресми мойындаған. Сол кезде ол мұрагерлік жайында пікір білдірген еді.
"Өсиетте тек әкемнің есепшоттары көрсетілген. Онда оның барлық жинақтарының 70 пайызын партияға қалдыратыны анық жазылған. Бұл сома екі сайлау науқанына жетеді. 10 пайызы – Дүниежүзілік өркениеттер университетіне (УМЦ), ал 20 пайызы – балаларына: әрқайсысына 6 пайыздан. Әр бала шамамен 200 миллион рубль алды. Барлығы өз үлесін алды. Мен де мұрагерлікке кірдім. Өсиетке ешкімнің таласы жоқ. Қанағаттандық па, жоқ па – ол басқа мәселе. Әрине, көбірек болсын дейсің, бірақ мен оның шешімін талқыламаймын", – деді Эйдельштейн.
Еске сала кетсек, Владимир Жириновский 2022 жылдың 6 сәуірінде 76 жасында өмірден озды. Ол ақпан айының соңынан бастап COVID-19-дың асқынуына байланысты Орталық клиникалық ауруханада емделіп жатқан болатын. Жириновский 1993 жылдан бастап Мемлекеттік Дума депутаты болды және ЛДПР партиясын 30 жылдан астам уақыт басқарды.