Елордада «Алтын адам» анимациялық фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды 24KZ. Отандық мультфильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ұйытқы болуымен жарыққа шықты.
Туынды жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім қалыптастырып, қазыналы тарихымызды ұлықтауға бағытталған. Мультфильмде «Мәңгілік Отты» іздеп Хан Тәңірі шыңына аттанған сақ жауынгерінің бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Жол бойы ол дос пен дұшпанға да кезігіп, сан түрлі сынақтан өтеді. Сөйтіп, сақ даласына төнген зұлымдықты жеңеді. Сценарий авторы Әннәс Бағдат, ал фильмнің режиссёрлері: Тілек Төлеуғазы және Тұрдыбек Майдан.
Тұрдыбек Майдан, «Алтын адам» анимациялық фильмінің режиссёрі:
- «Алтын адам деген сырты жылтыр емес, ішкі руханияты бай адам – ол алтын адам» дегенді айтқымыз келді. Фильм шытырман оқиғаменен өрбіп отырады. Бас кейіпкер Анкыл. Оның Жұпар деген қыз досы бар. Жанында досы барыс бар. Солардың арасында біраз мәселе көтеріледі. Тарихи болғаныменен, фильмде қоғамдық мәселелер де орын тауып жатады.