What are you looking for?

Тараз – Шымкент тасжолындағы жол апаты: тежегіші істен шыққан жүк көлігі жолды бөгеді

04.06.2025

Тараз – Шымкент жолында рұқсатсыз қозғалған ірігабаритті жүк көлігінің салдарынан жол апаты болып, қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының хабарлауынша, 2025 жылғы 4 маусымда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Келтемашат елдімекенінің маңында Тараз – Шымкент бағыты бойынша I-б санатты ақылы автожолдың 653-шақырымында Shacman маркалы ірі габаритті жүк көлігінің (ұзындығы – 43,8 м, ені – 5,2 м, биіктігі — 5,2 м, салмағы — 124,8 т) қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.

Жүк көлігі Тараз – Шымкент бағытында "РФ шекарасы (Жайсан ө\п) – Мәртөк – Ақтөбе (солтүстік айналма жолымен) – Қарабұтақ – Қызылорда –Шымкент (солтүстік айналма жолымен) – Тараз (айналма жолымен) – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы ө/п)" автожолында келе жатқан.

Машат асуында көлік құралының тежегіш жүйесі істен шығып, салдарынан жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмады. Жүк көлігі екі бағыттағы жолды жауып, 220 метр қоршауға зақым келтірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

"Қазіргі уақытта қозғалыс бір жолақпен ұйымдастырылып, жол қозғалысын толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жамылғысы құрғақ, жол белгілері орналасу тәртібіне сәйкес орнатылған", — делінген хабарламада.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Түркістан облыстық филиалы бұл көлік құралының қозғалысына рұқсат бермеген, себебі оның өлшемдері белгіленген нормативтерге сәйкес емес (ені — 5,2 м, биіктігі — 5,2 м).

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ тасымалдаушылар мен жүргізушілерді ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға, тиісті рұқсаттарды уақтылы алуға, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылауға шақырды.

"Бұл талаптарды елемеу заңнаманы бұзып қана қоймай, басқа да жол пайдаланушыларға қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда жол қозғалысының басқа қатысушылары зардап шегеді (кептеліс пайда болып, жолаушылардың уақыты шығындалады, төтенше жағдайлардың орын алу қаупі артады)". "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ баспасөз қызметі

Social Link

Follow Me On Social Media