Азат Сәрпеков ҚР Атом энергетикасы агенттігі аппаратының басшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2025 жылғы 4 маусымда агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады:
"Сәрпеков Азат Толқынұлы Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігі аппараты басшысы міндетін атқаруға кірісті".
Азат Сәрпеков еңбек жолын 2009 жылы Семей қаласында Электротехника колледжінде өндірістік оқыту шебері ретінде бастаған. Кейін оқу-өндірістік шеберханалардың меңгерушісі, кәсіби оқыту жөніндегі директордың орынбасары, одан соң аталған оқу орнының директоры қызметтерін атқарған.
2020 жылы Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясының Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын иеленді. Кейін "Теплокоммунэнерго" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын басқарып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істеді.
2022–2023 жылдары Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болды.