What are you looking for?

Алматы әуежайында қызметкерді құтқарған ер адам оқиға қалай болғанын айтты

07.03.2025

Алматы әуежайында қылмыскерге қарсы тұрған Мұса Әбдірайымов оқиға қалай болғанын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Шабуыл жасаған адам маған "кел" деді. Ол жүрмесін деп ым-ишара көрсеттім, өйткені оның қаруы бар еді, тағы бірнәрсе бола ма деп қорықтым. Сондықтан "оның орнына мені кепілге ал" дедім. Шабуыл жасаған ер адам "онда кел" деді, — деді Мұса Әбдірайымов журналистерге.

Бүгінгі күннің батырының айтуынша, ол жақындаған бойда шабуыл жасаған ер адам қызды босатып, оның қолынан ұстаған. Осы уақытта полиция қызметкерлері қаскүнемнің назарын аударуға тырысқан.

"Оны мұқият бақылап тұрдым, сәл босаңсыған кезде қолынан пышақты алдым. Ер адам ретінде, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде басқаша әрекет ете алмадым", — деді Мұса Әбдірайымов.

Тосын оқиға туралы не белгілі?

7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушыны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Ол қамауға алынды.

Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.

Cондай-ақ, оқиғаның тағы бір видеосы тарады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Social Link

Follow Me On Social Media