Бүгін Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр China Gezhouba Group басшылығымен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты .
Үкіметте Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек China Gezhouba Group (ҚХР) басқарма төрағасы Лю Хуайлянмен кездесті. Тараптар Қ.И.Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын салу жобасын талқылады.
"Ұзындығы шамамен 200 км су құбырынан басқа, жобаны іске асыру өнімділігі тәулігіне 342 мың текше метр үш су құбыры сорғы стансасын және өнімділігі тәулігіне 210 мың текше метр болатын № 4 сорғы-сүзгі стансасын салуды көздейді. Лю Хуайлян құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы сәуір айында басталатынын растады", – делінген хабарламада.
Кездесу барысында Роман Скляр инфрақұрылымдық жобаның тұрғындарды таза сумен үздіксіз қамтамасыз етудегі әлеуметтік маңыздылығын аймақты дамыту, тұрмыс сапасын жақсарту және тұрақты экономикалық өсуге негіз болатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар жобаны іске асыру және ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға келісті.
Айта кетелік бүгін Үкімет Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі жоспарын бекіткен еді.