What are you looking for?

Көк туымыз көтерілгенде толқымау мүмкін емес – чемпиондар әсері

05.06.2025

Көк байрақ көкте желбіреп , әнұран шырқалған сәт – әрбір спортшы үшін тек жеңістің емес, ел алдындағы парыздың орындалуы. Бұл – бала күнгі армандар мен жылдар бойы төгілген маңдай тердің жемісі. Қазақстанның туын халықаралық ареналарда көтерген әрбір чемпион бұл сәтті өміріндегі ең қастерлі, жүрек толқытар шақ ретінде сипаттайды. Осы ретте El.kz порталының тілшісі чемпиондардан көк ту көтерілгенде қандай сезімде болатынын сұрап көрді.

Көк туымызды көкте желбірету – әр спортшының арманы

Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан өзінің көк тудың желбіреген сәтін өміріндегі ең толқулы, ең қастерлі сәттердің бірі ретінде сипаттады.

Көк туымыз көтерілгенде толқымау мүмкін емес – чемпиондар әсері

жеке мұрағат

Әрбір спортшының арманы — Қазақстанның көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету. Сол арман орындалған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл – бала кезден келе жатқан үміт, тынымсыз еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Жеңіс тұғырында тұрып, көк ту көкке көтерілгенде жүрегің толқымай қоймайды. Себебі бұл сәт тек жеке адамның емес, бүкіл ұлттың үмітінің орындалуы, – дейді чемпион.

Айтуынша, бұл сезім – күресте ғана емес, өмірдің кез келген саласында биік мақсатқа жеткен жанның жүрегінен орын алатын ерекше толқу.

Бұл сәт – өз еліңе, өз тіліңе, өз халқыңа деген махаббаттың шыңына жеткендей күй. Сондықтан әрбір азамат осындай сезімді бір көруді армандауы керек. Қазақтың көк туы әрдайым биікте желбірей берсін, – дейді Ризабек Айтмұхан.

Жеңістің ең биік шегі – көк тудың көтерілуі

Каратэден Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған Мөлдір Жаңбырбай 2023 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен WKF каратэден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ол 2017, 2018 және 2021 жылдары Азия чемпионатының алтын жүлдегері, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Парижде өткен халықаралық рейтингтік Karate1 Premier League турнирінде қола медаль еншілеген.

Көк туымыз көтерілгенде толқымау мүмкін емес – чемпиондар әсері

жеке мұрағат

Спортшының айтуынша, көк байрақтың көкте желбіреуі – әрбір спортшы үшін арман, үлкен мақсат. Осы биікке жету жолында спортшылар қан мен терін төгіп, жарақат алып жатса да, ештеңеден тайынбайды.

Көк туды көргенде толқымау мүмкін емес. Әнұранымыз шырқалған сәт – жүрегіңді ерекше сезім билейтін, өмір бойы ұмытылмас сәт. Тұғырда тұрып басқа елдің әнұраны орындалса, жүрегім ауырады, қатты намыстанамын. «Неге мен емес? Неге біздің әнұран шырқалмады?» деген ой мазалайды. Әрине, бірінші орын алған сәт – ерекше қуаныш. Патриоттық сезімің артады, еліңе деген мақтаныш еселенеді. Ал екінші не үшінші орын көңіліңді жүдетеді. Бірақ бұл – спорт. Мұнда жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Маңыздысы қайта тұрып, алға қарай ұмтылу. Кейде бір қадам артқа шегінуге тура келеді, бірақ ол екі қадам алға басу үшін. Олимпиадада жеңіске жетпегенім – жүректе қалып қойған өкініш. Егер ол жеңіс болса, бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін, – дейді спортшы.

Мөлдір Жаңбырбай спортпен бала кезінен айналысып келеді. Ол үшін спорт – жай хобби емес, өмірінің ажырамас бөлігі.

Ес білгелі спортпен шұғылданып келемін. Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Бүгінде өмірімнің 90 пайызы осы спортқа арналып отыр десем де болады. Еш өкінбеймін. Керісінше, бұл жолды таңдағаныма қуанамын. Бұл менің мақтанышым, – деді ол.

Көк ту желбірегенде – жүрекпен сезінесің

Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы, халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшы Темірлан Мұқатаев үшін көк байрақтың көкте желбіреген сәті – жүректі тербететін, ерекше толқыныс сыйлайтын ұлы сәт.

Көк туымыз көтерілгенде толқымау мүмкін емес – чемпиондар әсері

жеке мұрағат

Көк туды көргенде толқымау мүмкін емес, әрине. Мен халықаралық жарыстарға шығып жүрген спортшымын. Мұндай сәттерді бірнеше рет бастан өткердім. Бұл – дайындықтың, төгілген тердің, ел сенімінің ақталған сәті. Сол кезде ата-анаң, туған-туыстарың, достарың сенімен бірге қуанып, арқаңнан бір ауыр жүк түскендей жеңіл сезім болады. Жүрегің елжірейді, көзіңе жас келеді, балаша жылағың келетін сәттер болады, – дейді Темірлан.

Спортшының айтуынша, әнұран шырқалғанда әрбір сөзі терең мағынаға ие болып, санаңа ерекше әсер етеді.

Әнұранымыздың әр сөзі сол сәтте ерекше мағынаға ие болады. Бұл тек жарыс емес, бұл – ел алдындағы борышыңды өтеу. Сол үшін де алдағы уақытта да көк туымызды желбірету үшін бар күш-жігерімізді саламыз, — дейді ол.

Сөз соңында Темірлан Мұқатаев көк ту мен әнұранның әрбір спортшы үшін терең мағынаға ие екенін атап өтті.

Көк ту мен әнұран – тек мемлекеттік рәміздер емес, олар мен үшін елдің намысы мен рухының белгісі. Оларды әлем алдында көтеру – үлкен жауапкершілік. Бұл – отан үшін күрес. Ал мен үшін отан әрқашан бірінші орында, – дейді спортшы.

Ол болашақта да Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, ел намысын қорғауға бар күш-жігерін салатынын айтты.

Көк туды көтеру – мен үшін медальдан да қымбат

Каратэден WKF нұсқасы бойынша Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, спорт шебері, қара белбеу иегері Венера Жақсыбаеваның айтуынша, көк байрағымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шырқалған сәт — спортшы үшін ең үлкен мәртебе.

Көк туымыз көтерілгенде толқымау мүмкін емес – чемпиондар әсері

жеке мұрағат

Сол сәтте жүрегіңді ерекше қуаныш, мақтаныш пен жауапкершілік сезімі билейді. Себебі бұл – менің елімнің намысын абыроймен қорғап, жеңіске жеткенімнің нақты көрінісі. Тудың көтерілуі, Әнұранның орындалуы – бұл тек салтанатты рәсім емес, бұл мен үшін өмірімдегі ең ұмытылмас, мәңгі жадымда сақталатын сәттердің бірі. Осындай сәттер маған шабыт береді, одан сайын алға ұмтылуға, көк байрағымызды биікте желбіретуге күш-жігер сыйлайды, – дейді Венера Жақсыбаева.

Спорт шебері, қара белбеу иегері Венера Жақсыбаева үшін көк ту мен әнұран — жай ғана мемлекеттік рәміздер емес, жүрекке рух пен жігер сыйлайтын қасиетті ұғымдар.

Спортшының айтуынша, көк байрақ пен әнұран еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын білдіретін басты нышандар. Олар әрбір спортшының, әрбір азаматтың жүрегінде елге деген сүйіспеншілікті арттыратын ерекше құндылыққа ие.

Көк ту мен әнұран еліміздің егемендігі мен бірлігінің символы. Олар мен үшін туған жерімнің абыройы мен намысын білдіреді. Әр жарыста көк байрағымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз шырқалған сәтте жүрегімді ерекше мақтаныш пен патриоттық сезім билейді. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын, тек жүрекпен сезінетін ұлы сәт, – дейді Венера Жақсыбаева.

Ол жеңіс тұғырында тұрып, қолына ел туын ұстаған әрбір сәтін үлкен жауапкершілік деп есептейді. Бұл сезім оның тек өз атынан емес, тұтас ел атынан шыққанын сезіндіріп, алдағы жарыстарда одан әрі биіктен көрінуге деген ынтасын арттырады.

Жеңіске жеткен сәтте ел туын көтеру менің бойымда ерекше жауапкершілік пен міндет сезімін оятады. Бұл – менің Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқанымды терең сезінетін сәт. Сол себепті, мені одан әрі дамуға, тынымсыз еңбектенуге және болашақта елімнің атын әлемге таныта беруге жетелейді, – дейді ол.

Каратэден Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Венера Жақсыбаева үшін көк тудың көтерілуі – тек бір сәттік салтанат емес, үлкен мағынаға ие рухани күш. Ол бұл сәтті жеке жетістіктен де жоғары бағалайды.

Иә, көк туды көтеру мен үшін медальдан да маңызды. Медаль – менің жеке жетістігімнің белгісі болса, көк ту – бүкіл халқымның абыройы мен бірлігінің символы. Осы туды көтеру арқылы мен тек өзімнің емес, туған елімнің жеңісін де паш етемін. Бұл сәт менің бойымда үлкен жауапкершілік пен шексіз мақтаныш сезімін оятады, — дейді спортшы.

Оның айтуынша, көк тудың көтерілуі әр жарыста ерекше мотивация көзіне айналады. Ол тек спорттық мақсаттарды нақтылап қана қоймай, жеңіске жетуге деген талпынысты еселей түседі.

Енді мен тек өзім үшін емес, елім үшін күресіп жүрмін. Әр жарыста барымды салып, көк байрақтың биікте желбіреуін қалаймын. Бұл жол — менің спорттағы табысқа жетуімнің негізі. Көк тудың көтерілуі мені қайраттандырады, шабыттандырады. Сол себепті де мен әрқашан осы туды биіктен көргім келеді, – дейді Венера.

Венера Жақсыбаева үшін әрбір жеңіс – тек жекелей жетістік емес, ел намысы мен абыройын қорғау жолындағы еңбек пен адалдықтың жемісі. Оның басты мақсаты – көк байрақты биікте желбіретіп, туған елінің атын спорт әлемінде асқақтату.

Social Link

Follow Me On Social Media