Үндістанның Уттар-Прадеш штатында тұратын Лакхан Сингх есімді азамат екі жасар ұлы Ааравты өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Daily Mail басылымының жазуынша, ер адам ұлын бақта серуендетіп жүрген. Оның айтуынша, сол кезде оларды маймылдар тобы қоршап алған. Лакхан Ааравқа шабуыл жасалуы мүмкін деп қорқып, қолына балта алып, шатырға шыққан. Ол маймылдарды қорқыту үшін балтаны лақтырмақ болғанын, бірақ байқамай ұлына тигізіп алғанын айтқан. Бала бірден ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Алайда кейіннен Лакханның қайынағасы Джитендра Сингх бұл нұсқаны жоққа шығарды. Оның айтуынша, Лакхан ұлын отбасылық жанжал кезінде әдейі өлтірген. Белгілі болғандай, ер адам жұбайын жиі ұрып-соғатын көрінеді. Сол күні тағы жанжал шығарып, әйеліне қол көтерген. Содан кейін баласына балтамен қоқан-лоққы көрсетіп, ұлын өлтіріп тастаған.
Бірақ оқиғадан кейін үшінші нұсқа да пайда болды. Отбасының көршісі полицияға берген жауабында баланың өліміне маймылдар себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, маймылдар жөндеуден кейін шатырда жатқан темір таяқты құлатып жіберді, ал ол балаға тиген.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның нақты қалай болғанын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.