Қазақстандағы балалар әдебиеті назардан тыс қалған және мемлекеттік қолдаудың тапшылығы сезілуде. Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz порталы.
Сенатордың айтуынша, өскелең ұрпақтың рухани қалыптасуына зор ықпал ететін балалар әдебиетіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Қазақ тіліндегі заманауи балалар әдебиеті мектептерде өте аз көлемде ұсынылған. Мектеп кітапханаларындағы кітап қорының небәрі 11,8%-ы ғана қазақ тілінде. Ал мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын балалар кітаптарының саны жылына 30-40 атаудан аспайды.
2022 жылғы PISA халықаралық зерттеуі нәтижесі бойынша Қазақстан оқушыларының оқу сауаттылығы 386 баллды ғана құрады. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен төмен. Зерттеу деректеріне сүйенсек, еліміздегі балалардың үштен бірі ғана кітапты өз еркімен оқиды. Ауылдық жерлердегі оқушылар көркем әдебиетті көбінесе тек мектеп тапсырмасын орындау үшін оқитыны анықталған, – деді сенатор.
Рүстемов қазіргі балалар әдебиетінің таралымы да өте төмен екенін алға тартты. Көптеген кітаптар 1000-2000 дана көлемінде ғана жарық көреді, бұл республика деңгейінде балаларды толық қамтуға жеткіліксіз. Сонымен қатар, заманауи бағыттар – анимациялық әдебиет, инклюзивті және көптілді контенттер де ескерусіз қалып отыр.
Балалар әдебиеті – жай ғана ертегі немесе хикая емес. Ол баланың дүниетанымын қалыптастырып, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды дарытатын маңызды құрал. Оңтүстік Корея, Финляндия мен Германия тәжірибесі көрсеткендей, бұл саланы кешенді түрде дамыту қажет, – деді сенатор.
Осыған байланысты Руслан Рүстемов бірқатар ұсыныстарын айтты:
-
Балалар әдебиетін қолдаудың ұлттық стратегиясын әзірлеу;
-
Қазақ тіліндегі балалар кітаптарын цифрлық форматта насихаттайтын ұлттық онлайн-платформа құру;
-
Ауылдық жерлерде жылжымалы кітапханалар жүйесін дамыту;
-
Жас жазушылар мен баспагерлерге арнайы стипендиялар тағайындау, салықтық жеңілдіктер беру;
-
Шығармашылық резиденциялар жүйесін енгізу арқылы авторларға қолдау көрсету.