Қазақстанда 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталды. Мемлекеттік қолдау шараларының, диқандар мен жергілікті әкімшіліктің үйлесімді жұмысының арқасында егіс дер кезінде жүргізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары 23,7 млн гектар жерге себіліп, егілді.
"Сонымен қатар, егістік алқаптардың құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылды. Бұл ретте егін айналымының ғылыми негізделген нормалары, климаттық тәуекелдерге төзімділік және нарықтық үрдістер ескерілді", делінген Ауылшаруашылығы министрлігі хабарламасында.
Нәтижесінде, өнімділігі жоғары және сұранысқа ие дақылдардың егіс көлемі ұлғайды:
- майлы дақылдар – 3,4 млн гектар (өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн гектарға артық),
- мал азықтық дақылдар – 3,3 млн гектар (114 мың гектарға артты),
- дәндік жүгері – 167,5 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар.
"Аталған егіс алқаптары елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді", деп нақтылайды министрлік.
Айта кету керек, биыл егіс жұмыстарын қаржыландыру алғаш рет дала жұмыстары басталғанға дейін алты ай бұрын басталды. Жалпы қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгені құрады. Диқандардың жеңілдетілген қаржыға қолжетімділігін арттыру мақсатында қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдік беру механизмі іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу көлемі 250 млрд теңгені құрады. Бұл машина-трактор паркін жаңартуға және көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық мерзімдерде, жоғары технологиялық тиімділікпен жүргізуге елеулі әсер етті.
Бұған дейін мемлекет меншігіне қайтарылған 12,2 млн гектар жердің жартысы мал жаюға пайдалануға берілгені хабарланған.