What are you looking for?

Елде әйелдердің жартысынан астамы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді

07.03.2025

Бүгінде елде әйелдердің жартысынан астамы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді .

Олардың 39 пайызы басшылық лауазымда екен. Біздің де, яғни медиа саласында да тынымсыз еңбек етіп жүрген нәзік жандылар жетерлік. Нақтырақ айтқанда, республикалық арналарды, газеттер мен интернет-ресурстарды басқарып отырған әйелдердің саны бүгінде 2 мыңға жуықтайды екен.

Бүгін әлемдегі барлық мадақтаулар мен құттықтаулар жаһандағы нәзік жандыларға арналып жатыр. Хабар агенттігінде де олардың алар орны ерекше. Бүгінгі шолуда Хабар телеотбасындағы нәзік жандылар жайлы айтамыз. Бірқатар қызықты сандар да бар.

Жаңалықтың жаршысы болып жүрген ару қыз-келіншектеріміз агенттікте жетерлік. Тіпті олардың үлесі ер азаматтардан да артылып жығылады. Қазір Хабар агенттігінде 552 нәзік жанды еңбек етеді. Бұл жалпы жұмысшылар үлесінің 52,87% құрайды. Біздегі әйел қызметкерлердің орташа жасы 36,7. Ең жас қызметкеріміз 21 жаста екен.

Хабар агенттігіндегі әйелдер:

552 нәзік жанды

52,87% орташа жас – 36,7 жас

ең жас қызметкер — 21 жас

Біздің сүйікті телекөрермендеріміздің де басым бөлігі нәзік жандылар. Бүгінде олардың үлесі шамамен 60%-тен асады. Олардың ең сүйікті ТОП-3 бағдарламасы келесідей. Көбіне бұрымдылар әлеуметтік және білім бағдарламаларын таңдайды. Одан кейін түрлі сұхбаттар мен сараптамалар. Содан соң таңдау денсаулық, мәдениет және сән жайлы жаңалықтарға түседі.

Әлеуметтік және білім бағдарламалары — 40%

Сұхбаттар мен сараптамалар — 35%

Денсаулық, мәдениет және сән жайлы жаңалықтар — 25%

Хабар агенттігінің құрамына 3 телеарна кіреді. Енді соның ішінде 24KZ каналына жеке тоқталып өтсем. Күнделікті жаңалық шығаруға да үлес қосып жатқан нәзік жандылар бұл арнада да жетерлік. Тіпті, кезінде 3 әйел адам да директор атанған. Қазір өндіріс бөлімінде 130-ға жуық бұрымды еңбек етеді. Олар сағат сайын эфирге жаңалық, бағдарлама шығарумен айналысады.

24kz телеарнасындағы әйелдер

бағдарламалар бөлімі — 20

жаңалықтар бөлімі — 52

продюсерлік қызмет — 8

халықаралық жаңалықтар бөлімі — 12

режиссёрлер бөлімі — 27

арнайы бағдарламалар бөлімі — 2

үйлестіру қызметі – 6

Тағы айта кету керек, біздің ару қыздарымыз Қазақстанның барлық 20 өңіріндегі тілшілер қосынында еңбек етеді. Бұдан бөлек Франция, Бельгия және Ресей мемлекеттерінде де қызмет атқарады. Сонымен қатар грим жасаушылар мен костюмерлердің 100 пайызы нәзік жандылардан жасақталған. Монтаж инженерлерінің де қатарында 15 бұрымды бар. Графика жасайтын дизайнерлердің де 20 пайызы нәзік жанды сұлулардан құралған.

20 өңірдегі тілшілер қосынында

Түркия – Меруерт Қанағат

Франция – Әлия Сыздықова

Бельгия – Жанат Эрнст

Ресей – Дана Нұржан

Айта кету керек, арнамызда ең көп қаралым жинаған бағдарламаны да әйел қызметкер жасаған. «Диагноз» атты бағдарламаның пластикалық операциялар жайлы шығарылымы ютуб желісінде 1 млн 762 мыңнан астам қаралым жинады. Оның авторы біздің әріптесіміз Вера Захарчук.

1 млн 762 мың қаралым

автор – Вера Захарчук

Енді біздің жұмыста әйел қауымының атқарар еңбегі орасан зор. Жауапкершілік те жоғары. Арна тарихындағы алғашқы тікелей эфирді де нәзік жанды қызметкеріміз жүргізген. 2012 жылдың 1 қыркүйегіндегі жаңалықтарды әріптесіміз Динара Саду тізгіндеген болатын. Қазір білікті маман 13 жыл осы арна қабырғасында еңбек етіп келеді.

Динара Саду, 24kz арнасының автор-жүргізушісі

- Әрине, кішкене қобалжыдым. Өйткені бұл біздің команда үшін, мен үшін өте маңызды күн болған. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті деп ойлаймын. 24KZ мен үшін үлкен махаббат. 24KZ-ті өте жақсы көремін. Өйткені осы арнада мен өстім. Бірнеше позицияда жұмыс істедім. Сондықтан 24KZ мен үшін менің екінші үйім.Бүгін барлық жерде мерекелік көңіл-күй. Біздің агенттік те өз аруларымызды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтауды ұмытқан жоқ. Таңнан бері жұмыс орнымызда түрлі концерттер өткізіліп, еңбегі еленген қызметкерлер марапаттарға да ие болды. Нәзік жанды аруларымыз да бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Біздің арнамыздың сүйкімді де, сүйікті тілшілерін, жалпы әйелдер қауымын бүгінгі көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жүздеріңізден ешқашан күлкі кетпесін, қуаныш кетпесін. Әрқашан осылай гүлдей құлпырып, әлемді әдемі қылып жүре беріңіздер. Әрқашанда гүлдей құлпырып, жан шуағын әлемге сыйлап, осылай үнемі аналық мейірім, махаббат, шексіз жақсылықта тек қана әдемі вайбтармен осылай таратып жүре берсін. Ең бастысы тілейтінім отбасын да, қызметін де тек бақытты болсын!

Бір емес бірнеше нәзік жанды сонау 1995 жылдан бері осы агенттік құрамында еңбек етіп келе жатыр. Олардың барлығының еңбек жолын атап өту үшін бір апталық эфир уақыты керек секілді. Сондықтан да біз Талдықорған қаласындағы тілшілік қосында қазір қызмет жасап келе жатқан Айгүл Ғазизуллина жайлы айтқымыз келіп отыр.

Айгүл Ғазизуллина 1995 — 2002 жылдары «Хабар» арнасының жауапты хатшысы болды. Кейін бейнеқор бөлімінің редакторы қызметіне ауысып, 2013 жылы Талдықорған қаласына қоныс аударды. Жер жәннаты – Жетісу жерінен әзірленетін ақпараттық сюжеттерді Айгүл Сергейқызы монтаждайды. Талдықорғандағы әріптестері оның кәсіби шеберлігіне тәнті.

Олжас Байбосын, бейнеоператор:

- Айгүл апайға келетін болсақ, ол кісіні осы салаға ауысқалы, яғни 2013 жылдан бері танимын. Одан бері бір жаманшылығын көрмедім. Әрқашан сапарда жүрсек уайымдап, бүкіл енді айтады ғой, кадрдың артындағы жауынгердің бірі ғой. Аты ғана естіледі, өзінің жүзі көрінбейді. Өз саласына өте жауапкершілігі мол маманның бірі. 8 наурыз мерекесімен барша Қазақстанның аруларын құттықтаймын шын жүректен!

Айдар Карбозұлы, ақпарат саласының үздігі:

- Осы жылдар арасында біз бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, жұмыс жүргізген кезімізде менің байқағаным — Айгүл қашанда өз ісіне ұқыпты маман. Адами қасиеті жағынан қарапайымдылығы, жауапкершілігі өте жоғары екеніне көзіміз жетті. Сондықтан Айгүлді өз ісінің маманы, кәсіби шебері ретінде жақсы білемін деп айта аламын.

Батыс Қазақстан облысында дүниге келген Айгүл Сергейқызы 3 қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Оның болмыс-бітімі өзінің Ақ ерке – Ақ Жайығындай.

Арналы өзеннің суындай ой йірімдерімен, тереңдігімен, жайдары мінезімен адамды өзіне баурап алады. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, қажет кезде қамқор бола біледі. «Хабар арнасы мен үшін үлкен мектеп», — дейді ол.

Айгүл Ғазизуллина, бейнеинженер:

- Енді бүгін «Хабар» үлкен ұжымға айналды. Біз оны мақтан тұтамыз. Негізгі арнаның мақсаты — көрермендерге ақпараттыдәл және тез жеткізу. Мен бұған бейнеинженер ретінде үлесімді қостым. Мен осыған қуанамын. Енді «Хабар» бүгінде 30 жылға толып жатыр.

«Хабар» агенттігі биыл өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл аз уақыт емес. Айгүл Сергейқызы сияқты төл телеарнамыздың дамуына саналы ғұмырын арнап, сүбелі үлес қоса білген жанашыр жандар барда қай бұқаралық ақпарат құралының да болашағы бұлыңғыр болмасы анық. Сондықтан Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай арнамыздың аруларын жыр шумағымен құттықтауды қош көрдік.

Social Link

Follow Me On Social Media