Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария президенті Румен Радев баспасөзге бірлескен мәлімдеме жасады. Тоқаев Румен Радевке Астанаға ресми сапармен келуге шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент Болгария – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Біздің ықпалдастығымыз мызғымас достық пен түсіністікке негізделген.
"Жалпы, Қазақстан Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайды және сіздің мемлекетіңізбен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлкен мән беруде. Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына өткен аптада 33 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этностар қатарында болгар ұлтының өкілдері де бар. Осы ерекше байланыс халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты арттыра түседі.
Президент қос мемлекеттің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығы да кеңейіп келе жатқанына тоқталды. Жан-жақты әрі сенімді серіктестік алдағы уақытта да беки бермек.
Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөз мазмұнды болғанына, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне мән берді.
"Атап айтқанда, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аудардық. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр, бұл – жақсы үдеріс. Елімізде 60-қа жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен елдеріміздің экономикалық әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге мол мүмкіндік бар. Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе, мұнай-газ, жаңартылатын энергия, "жасыл" энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік", – деді Президент.
Сондай-ақ көлік-логистика секторындағы байланысты дамыту мәселесіне назар аударылды.
Тараптар бүгінде стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның "Бургас" және "Варна" теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті.
Мемлекет басшысы бұл жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беру қажет деп санайды. Президент Комиссия аясында Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.
"Бұдан бөлек, Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Елімізге Президент Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Бүгін бизнес форум өтеді, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бизнес-форумға біз, екі ел басшылары да қатысатын болдық. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетінін аңғартады. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін "Қазақстан – Болгария" іскерлік кеңесін құруды ұсындым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.