Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы сауда-логистикалық ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Қытайдың "Сиань Ай Цзюй" өнеркәсіптік тобы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына өңдеу және экспорттау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде меморандумға қол қойды. Сәуір айында Ұлттық оператор Қытай тобына тиесілі Солтүстік Қазақстан облысындағы зауытқа 10 мың тонна көлемінде сынақ партиясын жөнелтті. Ендігі жерде тараптар ұзақмерзімді серіктестікті дамытып, дәнді және майлы дақылдар жеткізу көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Келісім аясында Солтүстік Қазақстан облысында Қытай нарығына бағытталған қазақстандық астықтан тағамдық және мал азығына арналған ұн, өсімдік майы және басқа да өнімдерді өндіру көзделген. Қазақстандық азық-түлік өнімдері бүгінде Сиань қаласының супермаркеттерінде кеңінен ұсынылып, жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие.
Астық өңдеу кәсіпорындарына тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ету үшін ұлттық астық операторы бұл жобаға қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұған қоса, Сиань қаласында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен халықаралық Чаньба құрғақ портының операторы арасында тағы бір меморандумға қол қойылды. Бұл логистикалық хаб Азия мен Еуропаның 45 еліне теміржол арқылы жеткізуді қамтамасыз етеді. Қытай тарапы қазақстандық компаниялардың қатысуымен контейнерлік және мультимодальды тасымалдарды кеңейтуге қызығушылық танытты.
Жеткен келісімдер қазақстандық өнімдерді шетел нарықтарына, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азияға ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмалары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңдеуді дамыту, экспорт географиясын кеңейту және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің қосылған құнын арттыру жөніндегі басымдықтарына сәйкес келеді.
Экспорттық жеткізілімдердің икемділігін қамтамасыз ету мақсатында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы балама бағыттарды да пысықтап жатыр. Жақында өткен "Қытай — Еуропа" теміржол тасымалдары жөніндегі халықаралық конференция аясында қазақстандық астықты Баку порты арқылы Қара теңіз бен Түркия бағытында транзиттеу перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, өнімді ауыстырып тиеу үшін Бакиндегі астық терминалы инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.