0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Ал тараздық арулар құрамы қыздардан тұратын көкпар командасын құрмақ. Ат құлағында ойнайтын Аида Ізбасар осы мақсатта бой жеткендердің басын қосып, баулып жүр. Сондай-ақ ол қыз қууға қатысатын бойжеткендерді де дайындайды. Ұлттық ойындарды жаңғыртып жүрген атбегі арумен Данияр Әлімқұл тілдесіп қайтты.
7 жасынан атқа мінуді үйренген Аиданың қыл құйрыққа деген қызығушылығы ерек. Таң сібірлеп атысымен торысына тартпа тартуға асығады. Өзі секілді қыз балаларын атқа мінуден бөлек, көкпар тартудың қыр-сырына баулиды.
Аида Ізбасар, атбегі:
Әйел азаматтары жаугершілік заманда атқа мініп, ер азаматтардың бір жағында жүрген. Ешқандай қорқыныш жоқ. Мен аттың қасында ерекше бақыт табамын. әсіресе шапқан кезде бүкіл уайымды ұмытасың, еркіндік сезімі болады. Аттың үстінде жүрек соғысы жақсарады, адамның қан айналымы реттеледі.
Аида алдағы уақытта көкпардан қыздар командасын жасақтамақ. Ал арасында Айша бибі ауылының жеткіншектерін қыз қуу жарысына да дайындайды. 28 жастағы ұстаздың бүгінде 10-нан аса шәкірті бар. Ал ауыл тұрғындары Аида үйретпеген асау қалмады дейді.
Әдемі Әділ, жас көкпаршы:
Осы мен атқа мінгелі бойымда бір күшті қасиеттер пайда болды. Мысалы қорқыныш жойылды. Сенімділік пайда болды. Менің алдағу уақытта арманым, көкпар және теңге ілу қыз қуудан чемпион болғым келеді.
Сағынбек Көшкінбаев, Айша бибі ауылының тұрғыны:
Асауды асау демейді, жуасты жуас демейді. Небір асауларды үйретіп, ат жалын ұстап, біздің кейбір ер азаматтар жақындай алмай жүрген аттарды мініп, үйретіп, осы жерде ат салысып жүрген кезі міне.
Жас кәсіпкер жаз шығысымен бие байлап, саба-саба қымыз піседі. Ал көктем соңында көкпар командасын құруды аяқтаймын деп отыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Жылқының жалына жармасып өскен қазақтың қайсар қыздары аз емес. Ат баптап, асау мінген жамбылдық арулардың жігіттерден еш қалыспайтынын көрдіңіз. Қаракөздеріміз құр сейіл-серуен үшін емес ұлттық ойындарды ұлықтап, дамыту үшін де қылқұйрыққа қамшы салады.
Данияр Әлімқұл