2025 жылғы 10 маусымда өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғым Әрінов Қазақстанда жыл басынан бері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, еліміз бойынша өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті тексерулер жүргізіліп жатыр.
"Жыл басынан бері шамамен 16 мың нысан тексерілді, 100 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупі бар өрескел бұзушылықтар үшін 7,5 мыңнан астам нысанның қызметі тоқтатылды. Оның ішінде 95%-ы – өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты. Бұл – өртке қарсы автоматиканың болмауы немесе істен шығуы, қызметкерлердің оқытудан өтпеуі және нұсқаулық берілмеуі, эвакуациялық шығу жолдарының бітелуі сияқты заңбұзушылықтар", – деді министр.
ТЖМ басшысы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қызметі тоқтатылған нысандар саны 4,5 есе артқанын атап өтті.
"Қауіпті өндірістік нысандарда анықталған бұзушылықтар жиі апаттар мен оқыс оқиғаларға әкеліп соғады, бұл жарақаттану мен адам өлімімен аяқталады. Мысалы, ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында мұнай-химия және тау-кен салаларында, сондай-ақ қазандық және газ шаруашылықтары, өсімдік шикізатын өңдеу нысандарында 11 апат пен 60-тан астам инцидент тіркелді. 22 жұмысшы жарақат алды, өкінішке қарай, 15 адам қаза тапты", – деп мәлімдеді Әрінов.
Бұған дейін Қазақстанда шетелдік туристерге жағдай жасау жөнінде бірқатар ұсыныс айтылғандығы хабарланған болатын.