Елімізде әрбір оныншы адам бұл ауруға шалдығады.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев созылмалы бүйрек ауруы бойынша профилактикалық тексерулерді тегін скринингке енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі уақытта бүкіл әлемде созылмалы бүйрек ауруы өте өзекті проблемаға айналып отыр. 2021 жылы бүйрек ауруларынан 4 миллион адам қайтыс болды, бұл әрбір 8 секунд сайын бір адамның өмірін жоғалтуына тең келеді. Әлемде созылмалы бүйрек ауруынан зардап шегіп отырған адамдардың саны 850 миллионнан асады, яғни Жер шары халқының 10%-дан астамы осы дертке шалдыққан. Аталған дерт, әсіресе, егде жастағы адамдарда, әйелдерде, қант диабеті және гипертониямен ауыратындарда жиі кездеседі", – деді депутат.
Дәулет Мұқаев Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын бұл ауруға шалдығатынын айтты. Сөзінше, жеті адамның біреуіне ғана созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылады.
Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, 3600-ге жуық қазақстандық бүйрек трансплантациясына кезекте тұр. Оның ішінде 80-нен астамы – балалар.
"Гемодиализ алып жатқан әрбір адамға жылына 5,6 млн теңгеден асып жығылса, барлық диализ алатын адамдарға жылына 67 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалады. Бұл ауру көбінесе алдын алуға болатын қауіп факторларымен байланысты: қант диабеті, артериялық гипертензия, семіздік. Деректерге сәйкес, жоғары қан қысымы, глюкозаның жоғарғы деңгейі және дене салмағының жоғарылығы созылмалы бүйрек ауруының негізгі себептері болып отыр", – деді ол.
Мәжілісмен созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау және профилактикалық тексерулерді тегін скринингке енгізуді ұсынды.
"Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында диабет пен гипертонияны басқару бағдарламаларын күшейтіп, қоғам арасында дұрыс тамақтану мен физикалық белсенді өмір салтын насихаттау мақсатында кешенді ақпараттық кампаниялар жүргізу керек. Нефрологиялық қызметті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеп, денсаулық сақтау жүйесінде созылмалы бүйрек ауруы бойынша мәліметтерді жинау мен сараптаудың цифрлық жүйесін жетілдіру ұсынылады", — деді Дәулет Мұқаев.