What are you looking for?

Мекке мен Мәдинада қажылық маусымы аяқталды

11.06.2025

Күллі мұсылман үшін қасиетті Мекке мен Мәдинада қажылық маусымы аяқталды , деп хабарлайды 24kz.

Биыл бес парыздың бірін 4500 отандасымыз орындап, ізгі амалдарын жасады. Олардың ішінде бабалар ізін жаңғыртқан тарихи экспедиция мүшелері де бар. Абай өлкесінен Меккеге автокөлікпен аттанған топ 15 күн дегенде діттеген жерге жетіп, Әл-Харам мешіті маңында тұрақтады. Дұға етіп, ұлы парыз рәсімдерін атқарып шықты.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб түбегінің шығысында орналасқан қасиетті мекенге биыл жер жүзінен 1 млн 700 мыңға тарта мұсылман жиналды. Құрбан айт қарсаңындағы қажылық оқыс оқиғасыз өтті. Джиддадағы Қазақстан Бас консулдығы қажылық миссиясымен бірге ел азаматтарының келеңсіз жағдайға ұшырамауын бақылап, кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасады. Мүфтият тур компания өкілдерімен барлық істі бірлесіп, үйлесімді атқарды.

руслан Қоспанов, Қазақстанның Джидда қаласындағы Бас консулы:

- ҚМДБ қажылық миссиясымен тығыз байланыс орнатып, 3-4 жылдан бері осындай жұмысты бірігіп жасап жатырмыз. Жалпы қажыларымыздың жағдайы жақсы. 11-16 маусым аралығында бірталай рейстермен еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларына қажыларымыз қайтады. Биылғы қажылықтың ерекшелігі, жергілікті биліктің талаптары бойынша тәртіп өте қатаң сақталды.

Үлкен қажылық миссиясын орындаған 4500 қазақстандықтың қатарында Меккеге көлікпен жеткендер де бар. Бір топ жерлесіміз Абай өңірінен сәуірдің орта тұсында жолға шығып, Құрбан айт қарсаңында киелі мекенге табан тіреді. Жалпы ұзақтығы 10 мың шақырымнан асатын сапар 7 мемлекет және ондаған қаланы қамтыды. Ерекшелігі сол, бұл отандастарымыз араға 155 жылдай салып, Құнанбай сапарын қайталады. Баба ізін жаңғыртып, тарихи құндылығын арттырды.

Ержан Сіләмбеков, кәсіпкер:

- Біз үшін өте қуанышты қажылық. Ата-бабалырымыздың ізімен келгенбіз. 1860-1865 жылдар аралығында Құнанбай атамыз өз делегациясымен келген. Соны біз Абай атамыздың 180 жылдығына арнаймыз. Тарихты қайталап, сол ізбен жүрдік. Дипмиссияларға рақметімізге айтамыз.

Қажылардың жай-күйінен араб жеріндегі қазақ дипломаттары ұдайы хабар алып отырды. Отандық тур компаниясы өкілдері тұрақты байланыста болды. Нәтижесінде Меккеге апарар жол қиындықсыз еңсерілді.

Жандос Кенжебек, қажылық компаниясының басшысы:

- Негізінен Қазақстан қажылары тек әуе көліктерімен келуі керек. Осы жылдың ерекшелігі, 4 отандасымыз ұлы аталарымыздың жолымен жеке көлікпен келді. Осы экспедиция бойынша біз барлық көмекті көрсеттік. Дипмиссиямен бірге осы кісілердің аман-есен парызын өтеп, қайтуына жұдырықтай жұмылып әрекет еттік.

Жәнділлә Бекжігітов, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі:

- Бүгінгі таңда қажыралымыз толықтай құлшылықтарын атқарып болып, Меккеде тыныс алып, елге қайтуға дайындалып жатыр. Өзгешелігі, Саудия билігінің заңсыз қажылық жасаудың жолын кесу жұмыстары жіті бақылауға алынып, қажылыққа арналған келгендер ғана қажылық жасап, амалдарын орындау оңай болды.

Отандастарымыздың исам дініндегі бес парыздың бірі – қажылықты толықтай орындауына мүфтият бекіткен 15 турфирма мен 4 әуе компаниясы көмектесті. Қазақстандықтардың алды елге қайта бастады.

Айта кетейік, Сауд Арабиясында ауа температурасы 45 градусқа дейін ысып тұр. Былтыр көрсеткіш 50-ге таяған. «Сынап бағанасының шамадан тыс жоғарылауы құлшылық ету кезінде біршама қолайсыздық тудырғанымен, үлкен қажылық ойдағыдай өтті», — дейді жер жүзінен жиналған мұсылмандар.

Авторы: Рауан Мыңбай

Social Link

Follow Me On Social Media