Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба испаниялық Roca Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сарапшылардың айтуынша, бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы осы саладағы ең ауқымды жобалардың бірі болмақ.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің мәліметінше, жобаға тартылатын инвестиция көлемі 70 миллион еуроны құрайды. Жаңа зауыт 300-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз шетелдік инвесторлармен тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Өткен жылы Roca Group өкілдерімен кездесіп, Қызылордада өндіріс орнын ашу мәселесін талқыладық. Бұл компания санитарлық-техникалық өнімдер нарығында әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Қазірдің өзінде біз бірлесіп зауыт ашу жөнінде негіздемелік келісімге қол қойдық, – деді аймақ басшысы.
Жоспар бойынша, зауыт тек Қазақстан нарығын қамтамасыз етіп қоймай, шетелге экспорт бағытында да жұмыс жүргізетін болады.