"Музарттың" әншісі тойдың болғанын да, боларын да шуға айналдырды.
Бұған дейін Сәкен Майғазиев ұлының жастар тойын арнайы платформа арқылы онлайн көрсетіп, тіпті тіркелу құнын да белгілеп берген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұйымдастырушылар телеграм-ботты іске қосып, төлем жасағандарды жабық арнаға біріктірген. Сол арқылы салтанатты іс-шараны онлайн тамашалауға мүмкіндік сыйлаған. Тіркеліп, тойды тамашалау құны 1380 теңгеге бағаланды. Ал жабық арнаға 8743 адам жазылғаны белгілі болды. Яғни, бұл – қарапайым логикаға салсақ, осынша адам билет сатып алды деген сөз. Демек, жазылымдардан жиналған жалпы сома 12 миллион 65 мың 340 теңгені көрсетеді. Десе де, бұл нақты көрсеткіш емес.
Тікелей эфир кезінде қонақтар мен жас жұбайлардың сұхбатынан өзге, Сәкен Майғазиевтің қатысуымен алдын ала түсірілген бейнежазбалар да көрермендерге жол тартқан. Маңғыстаудан келген құдалар да тікелей эфирдің көркін қыздырған.
Ал, қоғамда резонанс тудырған әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының ақылы онлайн тойы туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл былай дейді.
– Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі керек. Шоу бизнес өкілдері осылайша табыс табатын болса, салық төлеуі керек. Бастысы, бізге салық түссе болды. Бәрі бақылауда болады, – деді ол.