Қостанай қаласының ең жасы үлкен тұрғыны Кәрима Әкімжанова биыл 102 жасқа аяқ басты. Әжей бүгінде құрсағынан тараған тоғыз баласынан 19 немере, 25 шөбере сүйіп отыр.
Өсіп-өнген үлкен әулетке батагөй болып, елдің тыныштығын, жұрттың тілеуін тілеп отырған кейуана алапат аштықтың беті қайта бастаған 1923 жылдың күзінде дүниеге келген. Әкесі «Балам күздей жомарт, қайырымды болсын» деп азан шақырып, есімін Кәрима деп қойыпты.
«Шамамен 7-8 жастағы шағым. Кішкентай бала болсақ та білеміз, ауылда тігерге тұяқ қалмаған жоқшылық кез. 3-4 жасымда анамнан айырылып, әкем содан екінші рет үйленген. Өгейлігін білдірмей бағып-қағып өсірді. Жарықтық, сол шешемнің ай туды, наурыз келді деп қаптың түбін қағып бір түйір бидай тауып алғаны, асықтай ғана құртты езіп, қазандағы қара суға етсіз жалаң үлкен сүйек салып наурыз көже пісіргені есімде қалыпты. Түске таман қонақтар келді. Әйелдер әндете бастап еді, төрде отырған бір қария әлдекім естіп қойса, басымыз кетеді деп тыйып тастады. Сол ақсақал ұзақ бір хикаяны бастап, оны көпшілік жылап отырып тыңдады. Халқымыз қандай жоқшылық заманда да Наурызды қал-қадерінше қарсы алып, жақсы сөз, ізгі тілек арнап отырған», дейді кейуана.
Сондай-ақ Кәрима әжей әңгімесінде кезіндегі заманның қиындығын айта келіп, адал еңбек туралы қозғады. «Кеңес тұсында да біздің Мырзакөл жағында қыстан қысылып шыққан ел арқасы кеңи бере жағалай наурыз көже беретін. Қазір заман түзелді, балалар не ішемін, не жеймін демейді, бірінікін-бірі кимейді. Жастарға болсын, жастар көрсін. Сталиннің кезінде ұн жоқ, сонда нанды кезекке тұрып үйдегі адамның санына қарай, грамдап та алған кезіміз болған. Соның бәрін көріп, құдайға шүкір, осы күнге жетіп отырмыз. Балаларым да біреуден кейін, біреуден ілгері жүріп жатыр. Адал еңбек етіп, бала-шағасына дұрыс тәрбие беріп жатса, одан артық не керек? Біздің заманымыз қайтып келмесін. Айтып отырмын ғой, біздің ауылдан соғысқа кеткен ер азаматтардың біреуі де келген жоқ. Жаратқан осы берекемізді, бейбіт заманымызды көп көрмесін деп тілеп отырамын. Ел-жұртымыз айдан аман, жылдан есен шығып, наурыздан наурызға жете берсін!», дейді әжей.
Кәрима Әкімжанова сұрапыл соғыс жылдары майданға кеткен ер-азаматтардың орнын басқан қыз-келіншектермен бірге ұжымшар шаруасында жүреді. Таң бозынан қара кешке дейін бел жазбай өгізге соқа жегіп, жер жыртып, егін егеді.
«Кейін соғыс аяқталып, тұрмысқа шықтым. Ноғайкөлде тұрдық. Шалым Мұрат ұжымшардың трәктірін жүргізуші еді, үйде отыр, балаларды тәрбиеле деп жұмысқа шығартпады. 11 құрсақ көтердім, екеуі шетінеп кетті, тоғызы аман. Бірде аш, бірде тоқ заман, 9 баланы оқыту керек болып, Диевке көшіп келдік. Енем жоқ, жолдасым күн шықпай жұмысқа кетеді, әбден кеш бата келеді, үйдегі баланы да, қорадағы малды да өзім бақтым. Ұжымшардың маусымдық жұмыстарына да араласып, қырманға шығып бидай кептірдік, астыққа түскен малды қайтарыстық. Басқарма сырттан келген бригада жұмысшыларының төсектерін жуып бер деп үйге әкеп тастайды, оны жуып қоямын. Қазір заман жақсы ғой, адал еңбек етсең, керегіңнің бәрі табылады. Қасиетті Рамазан айындағы тілегім де – осы, елімізді бүгінгідей береке-бірлігінен айырмасын!», дейді әжей.
Төрт-ақ сыныптық білімі бар Кәрима әже өзі өскен Әулиекөл өңірінің шежіресін, ескідегі есті аңыз-әңгімелерді, бұрынғының ырымы мен салт-дәстүр, жөн-жоралғысын үнемі немере-шөберелерінің құлағына құйып отырады.
«Әке-шешеміз жұмыстан кеш келеді. Ақ әжем бертінге дейін біз сабақтан келгенде дәмді ас әзірлеп, шай қойып қоятын. Жаңа үйге көшіп келген соң ғана, газдарың шырпысыз тұтанады екен деп қорқып газ плитаға жақындамайтын болды. Ақ әжеме кешкілік кітап оқып беріп, қызықты әңгіме-хикаяларын тыңдаймыз. Әжесі бар балалар бақытты ғой», дейді Кәрима әжейдің немерелері.
Қыстай Қостанайдағы балаларының үйінде болған кейуана күн жылып, жер кеңи бере Әулиекөл жаққа алаңдай бастайды. Өйткені жыл сайын жазды ауылда қара шаңырақты ұстап отырған кенжесінің қолында өткізеді.
Қостанай облысы