What are you looking for?

Алтын кереге

08.03.2025

Біз әдетте әйел тұлғасы немесе әйел заты десек, ойымыздың түкпірінде отбасының алтын арқауы мен берекесі тұрады. Соны­мен бірге ұлт танымында «ана» ұғымы «елдік дәстүр» құндылығының мән-мағынасын толықтырады.

Қайбір ғылыми жиында өзге мәдениеттің жетегінде өскен бір замандас «Қазақ лексиконындағы «әйел заты» деген тіркес дұрыс емес. Әйел – зат емес, адам ғой...» деп, пікір айтып қалды. Бұл – осы ұғымды үстірт немесе калькалап түсінудің салдары. Бірін­шіден, қазақ «адамзат» деп жаһан­ның саналы жан иесін жинақтап айтады. Екіншіден, халқымыз сапалы және жауапты адамды «зат адам» деп бағалай­ды. Үшіншіден, дәстүрі Шығыспен тығыз байланыстағы Алаш жұртында «заттың» арғы төркіні – зада. Сонда «әйел заты» күнде­лікті қолданыстағы «әйел баласының» бір нұсқасы болып шығады.

Әйел баласы туралы ғасыр тезінен өткен халық даналығы бізді әр кез ойландырып-толғандырады. «Қызы жақсыны Қыдыр қориды, қызы жаманды сайтан ториды» немесе «Қазанына қарай – ошағы, қызына қарай – моншағы» – мың жылдық мәрмәр мақалдар. Жоғарыда айтылған «зат адам» (немесе «заты адам») осындай ақылды сіңір­ген, түйсінген, соған лайықты бой түзеген жаннан шығады.

Қазір отбасы берекесіне кімнің жауапты екенін ертелі-кеш талқылағаннан гөрі үндемей-ақ, ешбір жарнамасыз Құдай бұйыртқан өмірлік миссиясын абыроймен атқарып жүрген азаматтарға ауызды ашып емес, іс-әрекетін санаға құйып қарау керек. «Қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол!» депті бабаларымыз.

Жалпы, өнеге қоғамның қайнауынан, таң­дауынан шыққаны жөн. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары 20-жылдары Аққағаз Досжанды қазақ қыз­да­рына үлгі етіп, баспасөзде, түрлі жиындарда «ұлт мақтанышы» деңгейіне көтергенде, екі мақ­сатты көздеді. Біріншісі – «қазақ қызы за­ман қиындығына қарамай, ертеңге сеніп, лайық­ты кәсіп таңдасын» деген ой. Екіншісі – «Ақ­қағаз бастаған сапалы жастардың дәрігер маман­дығын үздік бітіруі – бүгінгі және бола­шақ­тағы ұлт саламаттылығының кепілі» деген ой.

Дәл осы тұста Алаш зиялылары мен кеңес­тік ұлт қайраткерлері мүддесі түйісе кете­ді. 1922 жылы Аққағаздың университет біті­ру кеші Ташкентте елдік шара ретінде ата­лып өтеді. Оған Түркістан Республикасы Ха­лық комиссарлар кеңесінің төрағасы (премьер-министр) Тұрар Рысқұлов пен жауапты қызметтегі Сұлтанбек Қожанов бастап, танымал деген барша Алаш зиялысы қатысады. Елдік шараға орай Аққағазды қызметке орналастыру, жаңа медициналық құралмен қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселесі үкімет басшысы деңгейінде шешіледі (100 мың сом сыйлық, 10 мың сомға хирургиялық жабдық және пәтер кілті берілген).

Біз әйел затын алқалағанда елдігімізді сапаландырған ұлттық ағарту, ояну кезеңін айналып өте алмаймыз. ХХ ғасырдың дүрбелең таңын­дағы «Бақытсыз Жамалдан» бастап «Ақбі­лекке» дейінгі роман көшінің баршасына дерлік өзек – қазақ қызының тағдыры. Әлем әдебиетінде әйел бейнесі – ұлт, халық бейнесі. Қызың, әйелің қандай – халқың да сондай. Оқымаса, қорланса, азап шексе, ұлтың да дәл сол дәрежеде. Қоғам, айналасы қорған бола алмаған бақытсыз Жамал ажал құшты. Қорланған, зорланған Ақбілек жігерін жанып, жаңа өмірге аяқ басты. Бірақ жан жарасы толық жазылмады...

Кеңес кезеңіндегі физиолог-академик Найля Базанова, дипломат-министр Балжан Бөлті­рікова, геолог-академик Патшайым Тәжі­бева, опера әншілері Күләш Байсейітова, Роза Бағланова сынды ғылымда, саясатта, өнерде айрықша із қалдырған біртуарлар – сол зиялылар сомдаған Жамал мен Ақбілек үмітінің өмірде жанғаны, жалғасы деп санаймыз.

Мың жылдық даналықтағы қазан да, ошақ та бірте-бірте білімнің, мәдениеттің, жаңа ел­дік үйлесімнің ұғымына айналды. Ота­на­сы қайнатқан қазан бір мезгілде үйдегі бере­ке­нің де, қоғамдық еңбектегі бірліктің де рәмізі болды. Ошақ та дәл сондай ағартудың, өркениетті игерудің көрігіне, тетігіне жарайтынын дәлелдеді.

Моншақ – ұлт ұғымында сән, әшекей болға­нымен, халық нақылындағы мәні – абырой және еңбектің нәтижесі. Бүгінгі тілде айтсақ – марапат. Біз қоғамның мүшесі ретінде ұл-қызымызды қалай өсірсек, ата-ана ретінде Жаратқаннан һәм халықтан соған сай атақ-дәреже аламыз. Бұл бағдарда да ананың, әйел затының әлеуеті жоғары, әлемі кең. Қасиетті Құранның қадірлі бір сүресінің атауы – «Ән-Ниса» (Әйел). Осында тазалыққа, некеге, отбасына, жетімге, жесірге, жауапкершілікке, сертке адалдық туралы айтылып, «мүмінге – сыйлық» мәлім етілген. Діндарлар да, дінтанушылар да осы ақиқат пен меңзеулерден ұлыстың, қоғамның, әулеттің, ата-ананың тепе-теңдігін түсіндіріп, тұжырымдайды.

Ағарту данышпандары айтқандай, некеленген ер мен әйел шаңырағында мәртебесіне сай құқық пен міндет, әлеуметтік рөл мен мінез-құлық реттелсе, айрандай ұйыған, өнегелі отбасы қалыптасады. Қыз күнінде дұрыс тәрбие көрген жан, халық тәжірибесі мәлім еткендей, ниетімен һәм маңдай терімен «керегені алтын етеді». Бұл асыл кереге – алқалаған әлеуметтің ізгі арманы.

Social Link

Follow Me On Social Media