What are you looking for?

Қызылордада тұрғындар өз атына рұқсатсыз несие рәсімдеген әйелдің үстінен шағымданды

13.06.2025

Зардап шеккен Асқаровтың айтуынша, 6 адамның атына 8 банктен жалпы сомасы 20 миллион теңгеге несие алынған.

Қызылордада бірнеше азамат өз атына рұқсатсыз несие рәсімделгенін айтып, алаяқтық фактісі бойынша шағымданды. Зардап шеккендердің айтуынша, 32 жастағы әйел банктерде таныстары бар екенін, солар арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен тиімді несие алып бере алатынын айтып, сенімдеріне кірген. Азаматтар оған жеке мәліметтерін тапсырған. Алайда әйел олардың атына алынған қаражатты иемденіп, ізім-ғайым жоғалып кеткен, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар күдікті әйелге тиімді несие рәсімдеп беремін деген уәдесіне сеніп, жеке мәліметтерін тапсырған. Проблема осы жерден басталған: олар келіншек өз аттарынан бірнеше банктен несие алғанын тек банк тарапынан төлем туралы хабарлама келгенде ғана білген.

"Алты адамның атынан сегіз банктен жиыны 20 миллион теңге алған. Қазір несиелер төленбей жатыр. Банк бізді төле деп қысып жатыр. Өзімнің несием 9 айдан бері төленбеген. Қазір сотқа өтіп кетті. Сот менің барлық шоттарымды бұғаттап тастады. Келіншегім де, атам да просрочкаға кіріп жатыр", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Асылжан Асқаров.

Тұрғындардың айтуынша, несие тек жеке мәліметтерін берген адамдардың емес, олардың туыстарының атына да рәсімделген. Шағымданушылар келіншектің көп адамның атынан банктен оп-оңай қыруар қаржы алғанына таңғалып отыр.

"Мен, мысалы, банкке барсам, маған несие бермейді. Себебі мен 42 мың теңге зейнетақымен шыққанмын. Бірақ менің атымнан бір банктен үш жарым миллион, біреуінен миллион, тағы біреуінен тағы миллион теңге рәсімделген. Барлығы 5-6 миллион мойныма ілініп отыр. Бұл – ұйымдасқан топтың ісі деп ойлаймын. Өйткені әлгі қыз мүлде саспайды. Үйін де бірнеше рет барып, шу шығардық", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Аққалам Қаратаева.

Қазір бұл алаяқтықтан нақты қанша адамның жапа шеккені белгісіз. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Бұл азаматтардың арыздары бұған дейін тіркелген. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабы негізінде жүргізіліп жатыр", – деді Қызылорда қалалық прокуратурасы бөлімінің басшысы Сәкен Мұхитдин.

Қолдарына бір тиын да тимей, белшеден қарызға батқан тұрғындардың банктерден сұрайтыны – несиелердің пайыздық өсімін тоқтату. Ал құзырлы органдар азаматтарға жеке деректерін бөгде адамдарға беруге болмайтынын тағы бір мәрте ескертті.

Social Link

Follow Me On Social Media