Қазақстан Қарулы күштерінің құрамдас бөлігі Аумақтық әскерлер 2017 жылғы 13 маусымда құрылды , деп хабарлайды Zakon.kz.
Бүгінде олардың негізін "резервтегі әскери бөлімдер" ретінде ұсталатын әскери құралымдар құрайды. Әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларында қойылған міндеттерді орындауға арналған аумақтық әскерлердің қызметіне жалпы басшылықты генерал-майор Асқар Жоламанов басқаратын Аумақтық қорғаныс департаменті жүзеге асырады.
Департамент өз қызметінде аумақтық қорғанысты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын басшылыққа алады. Оған құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық сипаттағы іс-шаралар кіреді.
Биыл Парламент "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" заңды мақұлдады. Онда "ерікті", "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" және "аумақтық қорғаныс нысаны" сияқты ұғымдар пайда болды. Кешенді жоспарда азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке тарта отырып, аумақтық әскерлердің кадрлық құрамын жасақтау, басқару органдары мен тіркеу құрамын даярлау, инфрақұрылымдық нысандар салу және аумақтық қорғаныс құрамаларын материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету көзделген.
Аумақтық әскерлер ауқымды республикалық оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары мен аумақтық қорғаныс мамандары үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, әскери міндеттілермен жиындар өткізіледі.
Аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің негізгі миссиясы – елді мекендерді, маңызды нысандар мен коммуникацияларды күзету және қорғау. Қажет болған жағдайда аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысады. Мәселен, 2022 жылы аумақтық әскерлердің жеке құрамы Қостанай облысындағы орман өртін сөндіруге жұмылдырылды. 2023 жылы Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға қатысты. Оған дейін еліміздің солтүстік-батысындағы су тасқынымен күреске көмектесті.
Мемлекет аумақтық әскерлердің дағдарыс жағдайында халыққа жедел көмек көрсетуі үшін барлық шараларды қабылдауда.