What are you looking for?

Жалғыздың жапырағын жайған

08.03.2025

Торқалы 90 жасты орталаған Батыр ана Ұлтуар Молдасанова апаның қолынан кітабы түспейді. Кей сәттері құлаққап киіп, алақандай планшеттен өзі қалайтын киносын көріп, айтысты тыңдап отырады. Енді бірде көнерген альбомдағы сарғайған сурет­терге зер салып, сағымға айналған бел-белестерді сағынышпен еске алатын кездері аз емес. Жүзге таяған кейуананың бұл қасиеті көпшілікті таңдандыратыны рас.

«Ермегім осы болды. Түнде ұйқым қашса кітап оқып, таң атырамын. Баяғыда ғой, бейнетпен жүріп, бел жазуға уақыт таппайтын едік. Енді құдай қайтарымын беріп жатыр», деп әзілмен әңгіме тиегін ағытатын Ұлтуар апаның өмір жолы бір кітапқа жүк болары анық.

16 жасқа толғанда ата-анасы ақ батасын беріп, құтты орнына қондырған. Қол ұстасқан қосағы Жолсейіт Молдасанов екеуі алдына бір отар қой салып, ерте жас­тан еңбекке араласады. Қысы қатал әрі алты айға созылатын таулы өңір қасиетті Қарқара аулының тарихы тереңде жатқан Құмтекей қыстауын қыстап, мал шығынына жол бермеуге күш салады. Көктемгі төлде қой қоздатып, жүз саулықтан жүз жиырма, жүз елуге дейін қозы өргізіп, аудандағы озат шопандардың көшін бастайды. Еселі еңбегі жанған Жолсейіт Молдасанов Еңбек Ері атанады. Кеудесіне Алтын Жұлдыз орденін жарқырата тағады. Басына бақ қондырған құтты мекенді ұрпағы ұмытпасын деген ниетпен Жолсейіт ата кейін немересіне Құмтекей деп ат қойды. Еңбек Ерінің кенже ұлы Қанат Молдасанов әке жолын қуып, мал өсіруді өзіне мұрат тұтты.

«Отпен кіріп, күлмен шығып, жұмыс істедік. Мыңғырған малмен ой мен қырда жүрдік. Жолсейіт атаңның ағасы соғыстан қайтпай қалды. Жалғыз ұлының тілеуін тілеген енемнің көп көмегін, мейірімін көрдім, ақ батасын алдым. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп бекер айтпаған ғой. Еңбегіміз ақталып, үлкен марапатқа бөлендік. Алыс-жақын шетелді көрдік. Соның бәрі өздігінен келген жоқ, шүмектеген маңдай тердің өтеуі», деп толғанатын Ұлтуар апа он баланы өмірге әкеп, өсірген. Сөйтіп, алтын құрсақ ананың арқасында бір әулеттің жалғыз тұяғы Жолсейіт атаның жапырағы жайы­лып, үлкен бәйтерекке айналады. Бүгінде он баладан 30-ға жуық немере сүйіп, 10 шақты шөберенің алақанынан май жалап отырған ба­қыт­ты әже.

«Әйел – тіршіліктің тірегі. Отын жағып, қазанын қайнатып отырған аналардың арқасында үй шуаққа бөленіп, берекесі кіреді. Келіндерімінің кесе-көлденең өткенін көргенім жоқ. «Тек» деген ұғымның төркінін түсінетін, үлкен-кішіні құрметтейтін көргенді жандар. Бәрін үйреніп, меңгеріп өсті. Қазір заман басқа десе де, әйелдің отба­сы алдындағы міндеті өзгерген жоқ, шырағым», – деген Ұлтуар апаның әңгімесі ұлттық тәрбиемен ұштасты.

«Баланы ата-ана жаман болсын демей­ді, бірақ ұяда көргенін бойына сіңіреді. Ұл-қыз өсіріп отырған соң оларға нан илеп, ет асуды, кесте тікпесе де үй жинау­ды, тіпті обал-сауапты санасына сіңірсе, оның рахатын өздері көреді. Еңбекпен есейген баланың өмірге бейім келеді», деген даналығын бөлісті.

Өмірдің ыстық-суығын көріп, ғасыр жасына жуықтаған Ұлтуар апаның әсерлі әңгімесін тыңдай бергің келеді. Әсіресе ұлттық тағам түрлерін дайын­дау­дағы шеберлігін келіндері жетік меңгер­гендігіне қуанады. Ірімшік қайнатып, құрт-май алу, бабына келтіре қымыз ашыту, жаубүйрек, шұжық жасау, нау­рыз көже дайындау, тізбелей берсек, малдың ет-сүтін кәдеге жаратып, табиғи азық-түліктің мол қорын жасау – асыл әжелердің айнымас дәстүрі болғанын жиі еске салып отырады.

Алматы облысы

Social Link

Follow Me On Social Media