What are you looking for?

Ер мінезді көшбасшы

08.03.2025

Шиелі ауданы орталығы мен ауылдарында тұратындардың көпшілігі көлігінің аккумуляторынан ақау байқалып, дөңгелегі сыр берсе бірден Нұржамал Омарованы іздейді. Бұл іс тек ер адамға тән жұмыс еместігін дәлелдеп жүрген кейіпкеріміз күніне он шақты көліктің дөңгелегін жөндеп береді.

Жаңақорғандық Сабырхан Аханов пен Нұржамал Ома­рова көңіл жарастырып, шаңырақ құрған соң жұ­мыс бабымен Шиелі кентіне көшіп келеді. Көп кешік­пей-ақ онсыз да көбесі сөгіліп тұрған кеңес одағы құ­лап, нағыз «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дей­тін заман басталып кетті. Осы тұста азаматы Сабыр­хан белді буып, жан-жақтан құрылғы алдырып, ау­дан орталығында алғашқылардың бірі болып дөң­гелек желімдейтін орталық ашты. «Еңбек еп­ті­лік­ті сүйеді» деген. Аз жылда шаруасы оңға басқан олар­ды кенттен бөлек ауылдардан да іздеп келетіндер көбей­ді. Бірақ 2012 жылы Сабырхан аяқасты ауырып, отба­сылық кәсіп тоқырап қалғандай болып еді. Сол тұс­та аудандық мәдениет үйіндегі жұмысын тастаған Нұр­жамал көлік жөндеу орталығының жұмысын жалғастырып әкетті.

«Жұмыстың барысын көрген бөлек те, өзің қолға алып істеген бір басқа. Бастапқыда клиенттер қы­зықтап қарап тұрғанда қолым жүрмей, қиналға­ным рас. Кейін үйреніп кеттім. Тіпті осы күнге дейін «ак­ку­мулятор істейтін бала керек еді», «дөңгелекті те­ңес­тіріп беретін маманды шақырсаңыз» деп ке­ле­тін бей­таныстар бар. Ондайда бірден жұмысқа кірі­сіп ке­темін, клиенттер «апай, шынымен сіз істей­сіз бе?» деп таңғалып сұрап жатады. Кезінде зіл­дей дөңгелектер­ді әзер көтеретінбіз. Оны қолмен ашу­дың ауырлы­ғы бір бөлек әңгіме. Кейін технология жа­ңарып, жұ­мыс әлдеқайда жеңілдеді. Әуелгіде қыз­дарым қолға­быс етті, қазіргі көмекшім – ұлым. Олар да осы кәсіп­тің қыр-сырын үйреніп өсті», дейді Н.Омарова.

Әдетте мұнда көктем мен күздің қысқа ұласар ша­ғында жұмыс қыза түседі. Дөңгелек ауыстыруға кел­­­ген­ әр клиенттің тапсырысын мүлтіксіз атқаратын маман олардың әрдайым аман жүруіне тілекші болып оты­ра­ды. Шүкір, осы уақытқа дейін жұрттың ре­ні­­шін ес­тіген кезі жоқ. Қайта кейде өзінен ақыл сұ­рап­­ ке­летіндер көп. Олар әкелген ауыр техниканың дөң­­­ге­ле­гін желімдеудің жолдарын көрсетіп, білгенін үйретеді.

«Қазір көп балалар жұмыс іздеп, шетелге кетіп жатыр. Көзін тапсаң елде де атқарар шаруа аз емес. Бірақ «Ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдет еткен қазіргілер баллон, камера жамау, аккумулятор жөн­деу секілді кәсіптен алты шақырым аулақ жүреді. Қарап отырсаңыз, солардың көбінің әлеуметтік желіден бас­қа ермегі жоқ. Соның соңына түскендердің миллион­дар ұстап жырғап отыруынан қолындағысынан қидай сыпырылып айырылып қалуы тез. Бұл енді бейнетсіз береке кірмейтінінің белгісі. Соны айтатын үлкендер аз емес, бірақ ұғына қоятын жас та болмай тұр... Жолдасым ауырып, бар іс маған қарап қалған кезде қыздарым көмектесті. Олар әкесінің қасында жүріп көргенін көкейлеріне түйе беріпті. Үйдегі бес бала да еңбекке бейім болып өскеніне шүкірлік айтамын», дейді кейіпкеріміз.

Шүкір, осы кәсіппен жүріп балаларды жетілдірді. Қазір олардан тараған 14 немеренің ортасындағы ба­қыт­ты әже. Түрлі мерекелерде жергілікті әкімдік сал­та­натты кештерден қалдырмай, құрмет көрсетеді. Жа­қында ғана өткен сондай бір жиында «Іскер көш­басшы» аталымымен марапатталды. Бұл да болса ең­бекпен шыққан төрдің қашанда биік болатынының дәлелі.

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

Social Link

Follow Me On Social Media