Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Медеу ауданын аралау барысында қаланың жолдары, абаттандыру жұмыстары мен әлеуметтік нысандардың жай-күйін бақылап шықты. Тексеру кезінде әкім ірі кәсіпкер, Қазақстанның танымал миллиардері Александр Беловичке қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы .
Себеп – Алматы қаласында салынып жатқан тоғыз мектептің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Нысандар биыл пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда құрылыс жұмыстарының кешіктірілуі әкімнің наразылығын тудырды.
«Қыркүйекте бұл мектептерде балалар білім алуы тиіс. Біз сізге сендік. Бірақ сенімімізді ақтамадыңыз. Тоғыз мектепті мойныңызға алдыңыз, бірақ бірде-бірі аяқталған жоқ. Бұл жерде балалар оқиды, бұл – бюджет қаржысы. Бұлай жалғаса алмайды. Объектілерді дер кезінде тапсырыңыздар», – деп қатаң талап қойды Дархан Сатыбалды.
Әкімнің сынына жауап берген Белович мектептерді белгіленген мерзімге дейін бітіретінін айтып, уәде берді.
«Мұны оңай орындаймын, әкім мүлде уайымдамасын», – деді ол.
Айта кетейік, Forbes дерегі бойынша, Александр Беловичтің байлығы 681 миллион долларға бағаланады. Ол бұған дейін түрлі мемлекеттік жобаларға қатысып, құрылыс және білім беру салаларында белсенді жұмыс істеп келген.