Өскеменнің Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының қызметкерлеріне қатысты сот үкім оқыды, деп жазады inbusiness.kz сайты .
Өскемен қаласындағы № 2 соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, есепшілер жеті жыл бойы бюджет қаражатын заңсыз жымқырған.
"2017-2024 жылдар аралығында бас есепші мен оның әріптесі сөз байласып әрекет еткен. Олар өздерінің қызметтік бабын пайдаланып, шоттарына жүйелі түрде ақша аударып, мемлекетке зиян келтірген", — деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Сот анықтағандай, жалпы шығын 144 622 868 теңгені құраған. Ақша білім беру жүйесіне тиесілі және мектеп қажетіне жұмсалуы тиіс еді. Сот отырысында екі әйел де өз кінәсін мойындап, өкінетіндерін жеткізген. Бұл үкім шығару кезінде ескерілді.
"Сот оларды жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, екі сотталушы да келтірілген зиянды толық өтеуі қажет", — деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Екі әйелдің материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруына өмір бойына тыйым салынды.