Батыс Қазақстан облысының прокурорлары тексеру жүргізіп, жалпы құны 53 млн теңге болатын 10 тұрғын үйдің мемлекеттік меншікке тіркелмегенін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Ақжайық ауданында сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйді бөлу саласында заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлады.
"Прокуратура 2017-2025 жылдар аралығында салынған тұрғын үйлердің құрылысы мен рәсімделуінің заңдылығына кешенді талдау жүргізді. Тексеру нәтижесінде жалпы құны 53 млн теңге болатын 10 тұрғын үйдің мемлекеттік меншікке тіркелмегені анықталды. Бұған тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы — яғни тұрғын үйлерді жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін қажетті мемлекеттік қызметтерге ақы төлемеуі себеп болған. Соның салдарынан бұл тұрғын үйлер құқықтық алаңнан тыс қалып, мақсатына сәйкес пайдаланылмаған". Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде барлық 10 нысан тіркеліп, мемлекет меншігіне қайтарылды және олардың заңды мәртебесі қалпына келтірілді.
Жауапты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін тиімсіз басқаруға байланысты 11 спорт нысаны мемлекет балансына өткені хабарланған.