What are you looking for?

Иранда Израиль соққысынан 220-дан астам адам қаза тапты

16.06.2025

Бұл туралы Иран Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Хосейн Керманпур мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Израильдің Иранға жасаған жаппай шабуылынан 224 адам қаза тауып, 1200-ден астамы жарақат алды.

– Израильдің 65 сағатқа созылған агрессиясы салдарынан жараланғандар мен қаза тапқандардың жалпы саны 1 481 адамға жетті. Оның 1 277-сі университет клиникаларына жеткізілді. Қазіргі мәлімет бойынша, 224 адам көз жұмды, – деп жазды ол X желісіндегі парақшасында.

Керманпурдың айтуынша, зардап шеккендердің 90%-дан астамы – бейбіт тұрғындар, оның ішінде әйелдер мен балалар бар.

Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына ауқымды әуе соққыларын жасады. Бұған жауап ретінде Тегеран жүзден астам дронды Израильге бағыттады. Иран Натанздағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, алайда радиация таралу қаупін жоққа шығарды.

БҰҰ-дағы Иран өкілі шабуылдан 78 адам қаза тауып, 320-дан астамы жараланғанын хабарлады. Қаза тапқандар арасында жоғары әскери басшылық пен танымал ғалымдар бар.

Сонымен қатар, Иран тарапы Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін қарастырып жатқанын Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитет мүшесі Эсмаил Косари жеткізді.

Оман сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Маскатта жексенбіге жоспарланған Иран–АҚШ келіссөзі өтпейтінін растады. Иран президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлесу кезінде Израиль шабуылдары тоқтамайынша, АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Axios дерегінше, Израиль Вашингтонды Иранмен тікелей әскери қақтығысқа тартуға тырысуда.

Social Link

Follow Me On Social Media