Бұл жөнінде "KAZAKH INVEST" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек мәлім етті.
Астанада өтіп жатқан "Орталық Азия – Қытай" екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан мен Қытай жалпы құны 25 миллиард АҚШ долларына жуық шамамен 60 түрлі келісімге қол қойды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Форум барысында ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдар ғана емес, нақты инвестициялық шарттар мен маңызды құжаттарға да қол қойылды. Бұл – қол қойылған құжаттардың толық тізімі емес. Форумға ұсынылған келісімдер саны бұдан да көп болды, бірақ барлығы бірдей келісу рәсімдерінен өтіп үлгермеді, – деді ол.
Форум аясында құжаттарға қол қою үш кезеңде өтті. Екі негізгі кезеңге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қатысты. Солардың бірі – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы қол қойған маңызды келісім.
Мадияр Сұлтанбектің айтуынша, форум аясындағы ерекше жобалардың бірі – Қытайдың Seraphim компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын жасыл сутегі өндіру жобасы.
– Бұл жоба жаңартылатын энергия көздеріне негізделген, экологиялық таза отын – жасыл сутегі өндіруге бағытталған. Қазір Қытай, Жапония, Корея, АҚШ, Германия және Сауд Арабиясы сияқты елдер осы салаға үлкен мән беріп отыр. Сутектік энергетика көлік пен авиация саласында тиімділігін көрсете бастады, – деді ол.
Форум жұмысына Қазақстан Үкіметінің өкілдері, Орталық Азия елдерінің делегациялары, Қытайдың және өңірдің ірі компаниялары мен даму институттарының басшылары қатысуда.
Іс-шара аясында жалпы құны 10 миллиард доллардан асатын 50-ден астам екіжақты және көпжақты құжаттарға қол қою жоспарланған. Форум бағдарламасына пленарлық отырыс пен цифрландыру, көлік-логистика және тау-кен өнеркәсібі тақырыптары бойынша панельдік сессиялар енгізілген.
Бүгін Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келеді. Екі күнге жоспарланған сапар аясында мемлекет басшылары еларалық мәселелерді талқылап, "Орталық Азия – Қытай" саммитіне қатыспақ.