ҚР Атом энергиясы агенттігі 2025 жылғы 16 маусымда "Росатом" болашақ қазақстандық атом электр станциясында қандай реактор түрін ұсынғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі
Журналистер Қазақстанда АЭС салу бойынша "Росатоммен" келісімге қашан қол қою жоспарланып отырғанын және компания жобалау жұмыстарын қашан бастайтынын сұрады.
"Жалпы келісімшартқа келетін болсақ, ол Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісімдерге, атап айтқанда, ынтымақтастықтың негізгі шарттары мен мемлекетаралық сараптамалық қаржыландыруды ұсыну туралы келісімдерге қол қойылғаннан кейін жасалады. Жобалық құжаттаманы әзірлеу инженерлік ізденістердің нәтижелерін алғаннан кейін басталады, ал бұл жұмыстарды биылғы жазда бастауды жоспарлап отырмыз", – деп хабарлады ҚР Атомдық энергия агенттігі.
Сондай-ақ, болашақ қазақстандық атом электр станциясында "Росатом" реактордың қандай түрін ұсынғанын айтты.
"Росатом" өзінің озық әрі тексерілген технологиясын – ВВЭР-1200 ядролық реакторын ұсынады. Мұндай энергоблоктар Ресейде, Беларусьте және Қытайда сәтті пайдаланылып жатыр, сондай-ақ Түркия, Мысыр, Қытай, Бангладеш және Венгрияда салынып жатыр", – деп толықтырды агенттік.
Агенттік сонымен қатар санкцияларды ескере отырып, тәуекелдердің жоқтығын атап өтті.
"Соңғы мәліметтерге сәйкес, "Росатом" санкциялық тізімдерге енгізілмеген. Егер болашақта кейбір елдерде санкциялардың күшеюіне байланысты қандай да бір тәуекелдер туындаса, бізде шарттық тетіктер қарастырылған. Мұндай тетіктерді қазақстандық компаниялар басқа жобаларда да қолданған. Мысалы, санкциялық ескертпелер мен басқа да құқықтық құралдарды қолдану мүмкіндігі бар. Сонымен қатар атом энергетикасы әлеуметтік-гуманитарлық қажеттіліктер мен климаттық күн тәртібімен байланысты болғандықтан, санкциялық тізімдерге енбеген. Баршаға белгілі, АЭС Қазақстан аумағында халықаралық компаниялардың қатысуымен салынады және толықтай Қазақстанға тиесілі болады. Қалай болғанда да, бұл жобаның түпкілікті бенефициары – Қазақстан", – деп атап өтті ҚР Атомдық энергия агенттігі.
Агенттік мәліметінше, АЭС құрылысы аяқталғаннан кейін оның пайдалану кезеңінде Қазақстан заңнамасына сәйкес шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады. Консорциум басшысының міндеттерінің бірі – станцияның эксплуатациялық персоналы ретінде жергілікті кадрларды даярлау болады.
Бұған дейін агенттік Қазақстанда бірінші АЭС салу таңдауының неліктен "Росатомға" түскенін түсіндірді.