2025 жылғы 16 маусымда ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль мен Ирандағы қазақстандықтардың саны туралы мәлімдеп, сол елдерде жүрген азаматтарға бірқатар кеңестер берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Спикердің айтуынша, Иран мен Израиль арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты ҚР СІМ Таяу Шығыстағы ахуалды жіті бақылауда ұстап отыр.
"Қазақстанның бұл елдердегі елшіліктері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Иранда – 132, Израильде – 219 Қазақстан азаматы бар. Дипломаттар отандастарымызбен үнемі байланыста. Израиль мен Ирандағы қазақстандықтарға тұрғылықты жерлерін аса қажеттіліксіз тастамауға, қауіпсіздік шараларын күшейтуге, сақтық пен қырағылық танытуға, жаңалықтарды бақылап отыруға және жергілікті билік органдарының нұсқауларын сақтауға кеңес береміз. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның Иран мен Израильдегі елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз", – деді Айбек Смадияров.
2025 жылғы 13 маусым күні таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери инфрақұрылымына соққы берді. Шабуыл салдарынан Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Бас штабының бастығы Хоссейн Салами және Азад Ислам университетінің президенті Мұхаммад Техранчи қаза тапты.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Израильдегі ҚР елшілігі сол елде жүрген қазақстандықтарға шұғыл үндеу жариялады.