What are you looking for?

"Қазмұнайгаз" бен Sinopec "Березовский" жобасын бірлесе жүзеге асыруға келісті

16.06.2025

Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев Sinopec-Kazakhstan компаниясының президенті Чжао Цюаньминмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, соның ішінде геологиялық барлау жобалары талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты ұлттық компанияға сілтеме жасап.

Осы күндері ҚМГ мен Sinopec-Kazakhstan Батыс Қазақстан облысындағы "Березовский" барлау жобасын жүзеге асыруға қатысты бірлескен қызметтер мен қаржыландыруға арналған келісімдерге қол қойды. Бұл құжаттар стратегиялық серіктестікті нығайтып, жобаны бірлесіп іске асыру талаптарын айқындайды.

Компаниялар жобаны тең жартылай (50/50) қаржыландыру және жүзеге асыру бойынша келісімге келді. Барлау кезеңінің қаржыландыруын Sinopec компаниясы өз мойнына алады.

Жоспарға сәйкес 300 км бойлық 2D және 300 км² көлеміндегі 3D сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіліп, тереңдігі 7000 метр болатын іздеу ұңғымасы бұрғылау көзделіп отыр.

– "Қазмұнайгаз компаниясы" 2023-2024 жылдарға арналған жер қойнауын зерттеу бағдарламасы аясында "Березовский" учаскесінің перспективаларын анықтаған. Бұл аймақ Каспий маңы бассейнінің солтүстік шетінде терең күрделі геологиялық-технологиялық жағдайларда орналасқан. Sinopec компаниясының геологиялық зерттеу, бұрғылау және кен орындарын тереңдікте игеруде мол тәжірибесі бар. Сондықтан біз "Березовский" жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарының сәтті іске асырылатынына сенімдіміз, – деді Қ.Есқазиев.

Social Link

Follow Me On Social Media