Ақтау қаласы сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша қаржы пирамидасын құрғаны үшін екі азамат 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Маңғыстау облысында аталған тұлғалар өздері ашқан кооперативтің есепшотына ақшалай салым салу арқылы басқа азаматтармен кезек тәртібімен тұрғын үй немесе автокөлік сатып алу мүмкіндігі туралы жарнама таратқан.
"Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде облыстың 31 тұрғыны жалпы сомасы 89 млн теңге мүліктік залалға ұшырады. Айта кетейік, бұған дейін де осы тектес қылмысы үшін сотталушылардың бірі Қызылорда қаласының сотымен сотталған болатын. Басқа да осыған ұқсас жағдайлардағыдай қылмыстық схема кооперативтің жаңа мүшелерінің ақшалай салымдарын тарту арқылы жұмыс істеді". Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі
Басқа азаматтармен бірлескен ақшалай салымдар арқылы өте жоғары табыс, бонустар немесе пайызсыз мүлікті сатып алу туралы кез келген уәде қаржылық пирамиданың айқын белгісі екенін түсіну маңызды.
Айта кетсек, HAS қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар жұртты өздеріне сендіру үшін декоративтік заттарды пайдаланғаны белгілі.