Декреттегі аналар еңбекақы алса, әлеуметтік төлем алмайды. Биыл декреттік демалыстан ерте шыққан бес адам бала күтіміне берілетін жәрдемақыдан қағылды, деп хабарлайды Жетінші арна.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, соңғы кездері декреттік төлем мәселесі қоғамда қызу пікірталас тудырды. Сақтандыру талаптарына сәйкес, мемлекеттік жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі. Бала күтіміне байланысты үйде отырған келіншектерге жалақының 40 пайызы өтеледі. Ал декреттік демалыстан ерте шығып, жұмысқа тұрғандарға әлеуметтік төлем тоқтатылады.
Алайда бұл ережемен көп ана келіспейді. Таңшолпан Орынтай бала күтіміне байланысты қазір декрет демалысында. Тұңғышы 3 жасқа толмайынша жұмысқа шықпайтынын айтады. Себебі қосымша табыс табатын болса, мемлекеттік жәрдемақыдан қағылатынын біледі.
"Өзім мемлекеттік жұмыста болғаннан кейін, басқа жұмыста істеуге мүмкіндігім жоқ. Менің жұмысым оған мүмкіндік бермейді. Сол себепті жолдасымның бір айлығына қарап отырмын. Мысалы, мен қазір жұмыс істемеймін, менде табыс көзі жоқ. Берешегім бар, несием бар, пәтерақым бар. Сондықтан ол дұрыс емес деп ойлаймын", — дейді Таңшолпан Орынтай.
Әлеуметтік сақтандыру қоры департаментінің директоры Дина Баегізованың сөзінше, бұл норма 2023 жылы қолданысқа енгізілді.
"Декреттегі адам қосымша тапқысы келсе, 10 жұмыс күні аралығында құзырлы органдарды хабардар етуге міндетті. Жауапкершілік әлеуметтік төлемақы алушыға жүктелген. Әзірге біз барлық төлемді нақты жүйе арқылы қадағалап жатқан жоқпыз", — дейді маман.
Телеарнаның хабарлауынша, декреттегі аналар қосымша табысы туралы есеп бермесе, бұл заңбұзушылыққа жатады. Мұндай жағдайда сақтандыру қоры заңсыз алынған барлық төлемді қайтаруды талап етуге құқылы.
Биыл декреттік демалыстан жұмысқа ерте шыққан бес келіншекке әлеуметтік төлем тоқтатылған. Олар өтінішті өз еркімен берген. Мамандардың мәліметінше, былтыр 277 мың ата-анаға бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындалды. Оның шамамен 9 пайызы мемлекеттік қолдаудан бөлек, қосымша табыс тауып отыр. Әлеуметтік сақтандыру қоры барлық төлем бойынша мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.