Әсіресе Бейнеу ауданындағы Ақжігіт, Боранқұл, Сарға ауылдары мен аудан орталығы Бейнеуде жәндіктер ерекше көбейген.
Маңғыстау облысының бірнеше елді мекенін қара қоңыздар басып кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты,
Бейнеу ауылының тұрғыны Бақыт Тілеумұратованың айтуынша, қоңыздар түнде үйге кіріп, маза бермейді.
– Кеш түсе бастағанда үйдің маңайы қаптаған қоңызға толып кетеді. Бірнеше күн болды, түн ұйқымыз бұзылды. Қоңыздарды өлтіреміз деп жүріп, таңды атырамыз. Немерелерімнің құлағына кіріп кетер деп, Ақтауға жіберуге мәжбүр болдым. Өзіміз мақта тығып ұйықтаймыз. Өлтірген сайын көбейіп жатқан сияқты. Бұлар кеше жаңбыр жауған соң пайда болды, – дейді ол.
Қара қоңыздар көшелер мен саябақтарды жайлап, тіпті ауыл ішіндегі су жиналған құдықтарға түсіп, суды ластаған. Тұрғындар олармен қалай күресуді білмей дал.
– Үйдің төбесі шытырлап тұрады, қоңыздардың дыбысынан көз іле алмаймыз. Қанаттары бар, ұшады, кейде шағып та алады. Көршілердің бәрі әбігер. Өзім де улайын деп, арнайы препарат іздеп шықтым, – дейді Бейнеу тұрғыны Кенжеғұл Әбілшеев.
Бейнеу аудандық фитосанитария бөлімінің басшысы Дастан Мұханов мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырғанын мәлімдеді.
– Бұл – табиғи құбылыс. Қоңыздардың нақты түрін анықтау үшін оларды зертханаға жіберіп жатырмыз. Карантиндік жәндік пе, жоқ па – зерттеу нәтижесінде белгілі болады. Бірақ тұрғындарға жәндіктерді өз бетінше улауға кеңес бермейміз. Арнайы дезинфекция мамандарына жүгінген дұрыс, – деді ол.