Мекке мен Мәдинада қазақ қажыларына тиесілі 10 қонақ үй болған. Жергілікті жұрт мұндай қонақжайларды тәкия деп атаған. Солардың бірін ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай қажы салдырған, деп хабарлайды 24KZ-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Меккеде 155 жылдай бұрын, яғни 1870 жылы үлкен қажылыққа келген Құнанбайдың да ізі қалған.
Мекке халқы "тұз тәкия" атап кеткен 3 қабатты және 20 бөлмелі қонақүй бүгінде қағбаға қол созым жерде тұрған зәулім ғимараттың орнында болған. Зерттеушілер бұл маңда тағы бір қазақтың қонақүйі болғанын айтады. Екеуі бір кезеңде салынып, мыңдаған мұсылманның ұлы парызын өтеуіне сеп болған деседі.
"150 метр жерде Мырқыбайдың тәкиесі болған. Ол тәкиеде 1999 жылы бірінші рет қажылыққа келгенде сол жерде жатқанмын. Бірақ ол кезде Мырқыбайдың тәкиесі екенін білген жоқпыз. Ол туралы деректер кейін шықты. Мырқыбайдың туған шөбересі Сейітов Зұлқарнайын деген атамыздың кітабын оқығаннан кейін бұл Мырқыбайдың тәкиесі екені көзім жетті", — дейді дінтанушы Аманкелді Әбдіхалық.
Телеарна тілшісінің мәліметінше, Мекке тұрғыны Хикмет Сонар Құнанбай қажы салдырған қонақүйде бірнеше рет аялдаған.
Оның айтуынша, тәкия өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарына дейін сәнін жоғалтпай тұрған. Кейін Саудия үкіметінің меншігіне өтіп, өзгеріске ұшырайды. Мешіт ауласын кеңейту, кешенді жаңғырту жұмыстары басталғаннан кейін көне ғимарат сүрілген.
"45 жылдан бері Меккедеміз. Ол кезде Құнанбай тәкиесі "тұз тәкие" деп аталды. Ал Мырқыбайдың меймандарға арналған тұрағы "кәфе тәкие" делінетін. Сол жерге мен жастайымда көп тоқтайтынмын. Дәретімізді алып, "Әл Харамда" намаз оқитын едік. Мен сол тәкиеде қызмет ететін екі қазақ қарияны көргенмін. Әлгі қарттардың әңгімесі нағыз қазына болатын. Қазір сол орын мешітпен бірігіп кетті", — дейді ол.
Дінтанушы ғалым Аманкелді Әбдіхалықтың сөзінше, қасиетті Меккеде қазақтар салған 4 тәкие нұрлы Мәдинада 6 тәкие болған.
"Солардың ішіндегі ең кереметі осы Құнанбай қажының салдырған тәкиесі болған", — дейді ол.