Иран мен Израиль бір бірін бесінші күн шабуылдап жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Тегеранда жарылыстар тыйылар емес.
Өткен тәулікте ЦАХАЛ армиясы Ислам Республикасының мемлекеттік ақпарат құралдарының ғимаратын атқылады. Cондай соққылардың бірі мемлекеттік телеарнаның эфирін тоқтатып, дикторды студиядан кетуге мәжбүр еткен.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран жұртына түгелдей көшу туралы үндеу жасады. Қазір мыңдаған адам Иран астанасынан қашып жатыр. Бірақ жолдар бөгеліп жатқандықтан, халықтың эвакуациялануы қиынға соғып отыр.
Израиль армиясының мәлімдеуінше, Иран бірер сағат бұрын Израильге тағы ракеталар жаудырды. Одан ешкім жараланбаған.
Жалпы алғанда, жұмадан бері Иранда Израильдің шабуылдарынан 224 адам мерт болса, Иранның соққыларынан еврей мемлекетінің аумағында талай үй қирап, 24 адам мерт болып, мыңдағаны қауіпсіз жерге көшірілді.
Арыстан Рысбек