What are you looking for?

Ақтөбе тұрғыны Мұңсыз Тілегенова 42 жыл бойы қоғамдық көлік жүргізіп келеді

08.03.2025

Ақтөбе тұрғыны 42 жыл бойы қоғамдық көлік жүргізіп келеді, деп хабарлайды 24kz.

Мұңсыз Тілегенова облыс орталығында автобус басқаратын жалғыз әйел. Зейнетке шыққанына қарамастан қызметіне адал, ертелі-кеш жолаушы тасып жүр.

Мұңсыз Тілегенова шаһар шырт ұйқыда жатқанда жұмысқа шығып, кешкілік қозғалыс саябырсыған сәтте үйіне қайтады. Есет батыр шағын ауданын қала орталығымен байланыстыратын №51 бағыттағы автобусты басқарады. «Көпшілік қоғамдық көлік тізгіндеген өзімді көргенде таңданысын білдіріп жатады», - дейді. Тіпті қыздарға автобус жүргізуді үйретіп, ізбасар тәрбиелеуге қарсы емес.

Мұңсыз Тілегенова, автобус жүргізушісі:

- Кейбір қыздар келіп, келіншектер бар жаңағы ой мен де баяғыдан бері жүргізбеген екенмін деп. Сосын мен айтамын С, D категория алып ал. Мен үйретейін, орныма тастап кетейін десем күледі қыздар.

Мұңсыз Тілегенова қоғамдық көлікті 1982 жылдан бері басқарып келеді. Айтуынша, Ақтөбеде троллейбус паркі ашылғанда 27 үміткер жүргізуші курсына оқуға түскен. Олардың ішінде 10 әйел болған. Кейін электр көлігі тоқтағанда бәрі басқа салаға ауысып кетті. Мұңсыз Тілегенова ғана автобус басқаруды игеріп, жолаушылар тасымалынан қол үзбеген. Зейнетке шықса да жұмыстан қалғысы жоқ.

Мұңсыз Тілегенова, автобус жүргізушісі:

- Қуат берсін. Денсаулық берсін. Жүре беремін мен. Қазір балам үйленген жоқ. Үйленіп жатса, кішкентайлы болып жатса, қарармыз. Ал енді қазір үйде отырсаң екі ай, балам жұмыс істемей-ақ қой деп еді. Екі айда тіземнен жүре алмай қалдым. Жұмысқа шығып кеттім. Жүрмін қазір.

42 жыл қоғамдық көлік жүргізіп келе жатқан жайдары жанды Ақтөбе жұртшылығы жақсы біледі. Ата-аналар да балаларын тапсырып, қажетті аялдамаға жеткізіп тастауын өтініп жатады. Әріптестері де тәжірибелі маманның ақыл-кеңесіне көп жүгінеді.

Қазыбек Омарғалиев, автобус жүргізушісі:

- Ақкөңіл, қол ұшын беріп тұрады. Әрдайым көмектесуге дайын. Жақсы жүргізуші. Мақтайды адамдар деген. Кейде бір ауырып қалып, әне бір күні шықпай қалып жатқанда сұрап жатады. «Келіншек айдайтын еді ғой. Сол қайда? Жоқ қой», - деп. Жолаушылардың барлығы мақтайды.

Айгүл Ідірісова, қала тұрғыны:

- Таңертеңнен бастап кешкі тоғызға дейін жүрсе де, әркімнің мінездеріне, қылықтарына шыдамды, байсалды. Сондай қарапайымдылығы бар. Жақсы. Сондай әйел адамдар көп болса дейміз. Ер адамдарға қарағанда сол апай бізге ұнайды.

«Әйел затының еңсермес ісі кемде-кем», — дейді зейнеткер. Көлікті мұқият жүргізетін ол қиындығы мол қызметте жолаушы тарапынан ешқашан ескерту алып көрмеген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов