Бір жарым жылдан бері Кореяның Сеул қаласында құрылыс шебері әрі кәсіпкер болып жүрген Әділет Аманжол — Ақтөбе облысы, Байғанин ауданынан шыққан қазақ жастарының бірі. Шетелде өмір сүру арқылы өзін жаңа қырынан танып, еңбек пен тәртіптің қадірін терең түсінген ол, енді сол жинаған тәжірибесін туған елінде іске асыруды армандайды. El.kz тілшісі Кореядағы қазақ жігітімен тілдесіп, әңгімеге тартқан еді.
Бір ауылдан басталған жол
Мектепті туған жерінде тәмамдаған ол кейін Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс халықаралық университетіне оқуға түсіп, екі мамандық бойынша білім алып шығады: заңгерлік және аударма ісі. Жоғарғы оқу орнын екі дипломмен аяқтаған Әділеттің еңбек жолы ірі өндірістік жобамен байланысты басталған.
Университеттен кейін Атырау облысындағы Теңіз қалашығында орналасқан «Сенімді құрылыс» компаниясында еңбек қарым-қатынастары бөлімінің координаторы болып жұмыс істедім. Бұл – түрік және ағылшын компаниялары бірігіп құрған ірі құрылыс компаниясы. Осы жерде жеті жылдай еңбек еттім, – дейді ол.
Өзгеріс іздеген сәт
Бірақ уақыт өте келе Әділет жаңа тыныс, өмірінде өзгеріс керек екенін сезінеді. Себебі жұмыс істеп жатқан жобаның да аяқталатын уақыты жақындап қалған еді. Ол өз мүмкіндіктерін шетелде сынауға бел буады.
Алдымен Германияға көшу туралы ой болды. Америкаға студенттік визаға үш рет өтініш бергеніммен, барлығынан бас тарту жауабын алдым. Еуропаның түрлі елдерінде болып көрдім. Германиядағы бір қала маған ерекше ұнады – табиғаты, тыныштығы, адамдарының менталитеті. Тіпті бірнеше апта сол қалада тұрақтап, өмір сүріп көргім келді. Бірақ жұмыс беруші компаниямен жасалуы тиіс келісімшарт шарттары біз күткендей болмады. Сағаттық төлем мөлшері төмендеп кеткен соң, ол ойдан бас тарттық, – дейді Әділет.
Шетелге шығу шешімі қалай қабылданды?
Ол вахталық жұмыс кестесінің арқасында түрлі елдерді аралап, дүниетанымын кеңейте түседі. Соның нәтижесінде «қарапайым жұмыс істеп көрейін, шетелде өмір сүру қандай екен, өзімді сынап көрейін» деген шешім қабылдайды.
Қазақстанда үнемі офистік қызметте болдым. Ал қара жұмыс істеу – өзіңді басқа қырынан таныту. 2024 жылдың қаңтар айында ізденіс үстінде жүргенде бір қарындасым арқылы Кореяға келу жолдарын білдім. Сол арқылы 13 қаңтар күні Сеул қаласына ұшып келдім. Қазір осында тұрып жатырмын. Бір жылдан асты, нақты айтсам – бір жыл бес айдай уақыт болды, – дейді ол.
Сеул – қымбат, бірақ үйрететін қала
Сеул қаласы туралы ойын да жасырмай айтты:
Сеул – өте қымбат қала. Бірақ оның өмір сүру деңгейі мен қолайлылығы соған лайықты. Мұнда өмір сүру адамға көп нәрсе үйретеді – тәртіп, үнем, еңбекқорлық, – дейді Әділет.
Құрылыс нысандарында – шебер
Қазіргі таңда ол Сеулде құрылыс нысандарында шебер (мастер) ретінде қызмет етеді. Негізгі жұмысы — ғимараттардың есік-терезесін орнату. Айтуынша, бұл елде құрылыс жұмыстары нақты жоспармен жүзеге асады. Мысалы, мектептер екіге бөлініп, бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жеке-жеке ғимараттарда оқиды. Сондықтан әр мектеп үшін жеке жобалар жасалып, құрылыс жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.
жеке мұрағат
Кореяға баруымның басты себебі — ыңғайлы ортадан шығу. Адам дамуы үшін кейде ыңғайлы ортасынан шығуы керек. Шынымды айтсам, шетелде өмір сүріп көргім келді. Өзімді жаңа ортада, мүлде басқа жағдайда сынап көргім келді. Оның үстіне ешкімге жасырын емес, бұл жақтағы жалақы деңгейі өте жоғары. Мен Теңіз қалашығында жүргенде айлығымыз жаман емес еді. Бірақ Кореяда қарапайым жұмысшы біздің сол офистегі жалақыдан бірнеше есе артық табыс таба алады. Себебі мұнда қосымша жұмыс жасауға, сағаттап артық еңбек етуге мүмкіндік көп. Бағдарламалар да жақсы жолға қойылған, – дейді ол.
Әділет үшін бұл шешім аса қиын болмаған. Себебі ол бұрыннан түрлі елдерді аралап, әлемдік мәдениетті жақыннан танып жүрген азамат. Корея — оның барған 17-ші елі.
Кореяға кетер кезде ешкімге айтпадым. Тіпті жақын достарым мен әріптестерім де білмеді. Билетті бір апта бұрын алып қойдым. Шешім қабылдаған соң тек ата-анама ғана бір күн қалғанда айтып, батасын алып шықтым. Мен жалпы шешімдерді өзім іштей пісіріп барып қабылдайтын адаммын. Солай, Аллаға тәуекел деп жолға шықтым, – дейді ол.
Кореядағы еңбек жүйесі мен жұмысшыға деген құрмет те оны таң қалдырған.
Кореяда құрылыс саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыс барысында мамандар әрбір детальға дейін мән береді: «Мысалы, орнатылған есік немесе терезеде шамалы ғана ақау болса, оны қайтадан толық бұзып, жаңадан орнатып шығамыз. Себебі сапаға деген талап өте жоғары. Бұл – ертеңгі күні сұраныс пен жауапкершілікті алдын ала ойлағандық, – дейді Әділет.
Оның айтуынша, Кореядағы құрылыстар он жылдап тозбай тұра береді. Мұның басты себебі — материал сапасы мен бақылау жүйесінің жақсы жолға қойылуы.
Бізде Қазақстанда, көбіне тендер ұтып алғаннан кейін сапаға онша мән берілмей қалатын жағдайлар кездеседі. Ал мұнда керісінше, кез келген бөлшектің сапасы маңызды. Ағаштың түрі мен құрастыру сызбасына дейін тексеріледі, — дейді.
Еңбек ақысы мен жұмыс көлемі
Әділет жалақы мәселесіне де тоқталып өтті. Ол айына орта есеппен 1,2 миллион теңгеден аса табыс табатынын айтты.
Жалақы көлемі жұмыс көлеміне тікелей байланысты: «Кей айларда миллион теңгеден сәл кем түсетін кездер болады. Бірақ орта есеппен 1,2 миллион теңге көлемінде таза табыс аламын, – деді.
Кәрістердің еңбек этикасы және қарым-қатынасы
Көпшілік арасында «Кәрістер шетелдік жұмысшыларға суық» деген пікірлер кездескенімен, кейіпкеріміз мұнымен толық келіспейтінін айтты.
Менің өзімнің жұмыс ортамда кәрістер өте ілтипатты. Этикетке қатты мән береді. Сәлемдесіп, ризашылығын білдіріп жатады. Жымиюдың өзі – қарым-қатынастың бір бөлігі. Бұл маған жұмысты жеңілдетіп, араласуды оңайлатады, – дейді.
Кәрістердің эмоционалды ұлт екені де ерекше әсер қалдырған: «Бір жұмысты жақсы орындап шықсаңыз, кәдімгідей дорамадағыдай «уау» деп таңданыстарын білдіреді. Бұл сізге деген құрметтің бір белгісі», – деді.
Шетелде жүріп кәсіп бастаған, құрылыс шебері әрі кәсіпкер ретінде тәжірибе жинап жүрген қандасымызбен сөйлесіп, Кореяда еңбек етудің тиімді тұстарын сұрадық.
Тек құрылыс емес, өмірлік сабақ бар
Қазақ жастары үшін Кореяда тек құрылыс саласында емес, жалпы өмірлік маңызы бар дүниелерді үйренуге болады. Адаммен қарым-қатынас, күнделікті этика, өзін күту, тәртіп — бәрінен үлгі алуға тұрарлық, — дейді ол.
Әділет Аманжолдың айтуынша, кәрістер әрбір ұсақ-түйекке дейін мән береді. Олар өздерін сыйлай біледі, уақытты қадірлейді, этиканы күнделікті өмірдің бөлшегі ретінде қабылдайды. Мұның бәрі — дамыған қоғамның қалыптасуына әсер ететін факторлар.
«Кейбір қазақтар келіспеуі мүмкін...»
Әрине, шетелдегі тәжірибе – біркелкі емес. Әркімнің алған әсері, көрген ортасы әртүрлі. Бұл жөнінде ол:
Мен өзім Сеул қаласындағы Тондэмун ауданында тұрамын. Сол маңдағы кәрістермен араласқандағы байқағаным — ашық, сыпайы, еңбекқор халық. Бірақ кейбір отандастарымыз басқа пікірде болуы мүмкін. Әркім өз көргеніне сүйеніп айтады ғой. Бірақ менің алған әсерім — оң. Сол себепті жастарымыз үйренуге келсе, ұтар еді деп ойлаймын, — дейді.
«Үйрен де, елге қызмет ет»
Ол жастардың шетелден алған білім мен тәртіпті тек өз пайдасына емес, елге де пайдалануын маңызды деп санайды.
Кореядан көп дүние үйренуге болады. Бірақ мұнда қалып қою емес, үйреніп, елге барып соны жүзеге асыру — маңыздысы сол. Бүгінде қай салада болса да, шетелден алған жақсы тәжірибені Қазақстанда дамытуға болады, — дейді ол.
Бизнес — онлайн форматта
Құрылыс жұмыстарымен қатар, кейіпкеріміз онлайн бизнеспен де айналысады. Электроника саласында жеке «нишалар» арқылы табыс тауып отыр.
Қазір бәрі онлайн форматқа көшкен. Мен де планшет, ноутбук, телефон сынды техникалық тауарларды Корея мен Қытайдан сатып алып, Қазақстанға жөнелтіп отырамын. Тауарды жарнамалау, сату, жеткізу — барлығы интернет арқылы жүзеге асады. Қиындығы жоқ. Тек контентті жақсы түсініп, дұрыс бағытта жұмыс істей білу керек, — деді.
Ол Кореяда кәсіп жүргізудің тиімді және күрделі тұстарын да атап өтті.
Кореяда отырып жұмыс істеудің басты артықшылығы – контент жасау еркіндігі мен логистикалық жеңілдіктер. Кез келген жерде, кез келген уақытта фото немесе видео түсіріп, өнімді жарнамалауға мүмкіндік бар. Оның үстіне Кореядан Қытайға, Тайландқа немесе басқа елдерге сапар шегу өте арзан әрі ыңғайлы. Әуе билеттерінің бағасы қолжетімді – бір жаққа бару 40-50 мың теңгеден басталады, ал барып-қайту билеті 80-100 мың теңгенің шамасында, – дейді ол.
Бизнес иесінің айтуынша, Қытайдан тауар жеткізу, фабрикалармен байланыс орнату, жаңа өнім іздеу процесі осы қолжетімді логистика арқасында жылдам әрі тиімді жүзеге асады. Бұл – шетелде отырған кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік.
Кемшілігі – клиентпен тікелей байланыстың жетіспеуі
Алайда шетелде отырып жұмыс істеудің өз қиындықтары да бар. Соның бірі – клиентпен тікелей, бетпе-бет қарым-қатынас орната алмау.
Менің тауарларымның құндылығын көзбе-көз түсіндіріп берсем, одан да жақсы әсер қалдыратын сияқтымын. Ал қазір тек телефон арқылы, WhatsApp арқылы сөйлесемін. Қазақстандағы жеткізушілерім тауарды апарып береді, бірақ тұтынушымен өзім тікелей кездесе алмаймын. Бұл – мен үшін кемшілік, – дейді кәсіпкер.
Соған қарамастан, клиенттердің тарапынан ешқандай үлкен шағымдар болмаған. Электроника саласында аздаған техникалық ақаулар орын алғанымен, ол мәселелер Кореядағы зауыттармен бірлесіп шешіліп, өнім қайта жеткізіледі.
Кәсіби тәжірибе – бейімделуді жеңілдетті
Кәріс мәдениетіне бейімделу ол үшін қиын болмаған. Бұған бұрынғы кәсіби тәжірибесі себеп болған.
Мен Қазақстанда еңбек қатынастары бөлімінің координаторы болып жұмыс істедім. Теңіз қалашығындағы түрік-ағылшын компаниясында істедім. Сол қызметте жүріп, адамдармен жұмсақ мәміледе болу, тіл табысу дағдыларын меңгердім. Сондықтан Кореядағы жұмыс істеу мәдениетіне бейімделу маған жеңіл тиді, – дейді ол.
Қазақы болмысты сақтау – басты қағида
Қазақ жігітінің сөзінше, шетелде жүргенмен, ұлттық болмысты ұмытпау – маңызды. Кәріс елінде жүрген Әділеттің бастан өткерген мына бір оқиғасы ұлттық болмыс пен рухани тәрбиенің шет елде де мәнін жоймайтынын айқын көрсетеді.
Қазақтың дәстүрі қанымызда бар. Қайда жүрсек те, бойымызда сол тәрбие жүреді. Бұл бізді ерекшелендіріп тұратын рухани негізіміз. Бір жолы Кореяда үлкен бір зауытпен келісіп, үш-төрт айлық жұмысқа кірістік. Зауытта біраз қазақ жігіттерімен бірге жұмыс істедік. Тамақ уақыты келгенде дастархан басында әдеттегідей «бисмиллә» деп бастап, ас соңында бата қайырамыз. Басқа жігіттер де мені күтіп отырады: «Әдеке, ас қайырып жіберейік» дейді. Мен де қол жайып, бет сипап бата етемін, — деді Әділет Аманжол.
Бірақ бұл көрініске алғашында кәріс бастығы түсінбей, қызығушылықпен қарай берген.
Кәріс бастығымыз бізді үнсіз, көз алмай бақылайды. Таңырқап қарайды. Алғашында неге олай істейтінімізді түсінбеді. Кейін мен оларға түсіндірдім: бұл — біздің дәстүріміз, біз ас ішер алдында Алланы еске аламыз, тамақты ризашылықпен бастаймыз, соңында Жаратқанға шүкір айтып, дұға етеміз. Бұл — дінмен де, дәстүрмен де келген ұлттық тәрбиеміз, — дейді ол.
Кейін кәріс әріптестері бұл әрекетке құрметпен қарап, қызығушылықпен тыңдай бастаған. Осылайша бір дәстүр арқылы олар қазақтың рухани дүниетанымымен танысады.
Өзбекәлі Жәнібек туралы кітапты неге ұсынады?
Кейіпкеріміз тек дәстүрді сақтап қоймай, оны насихаттауға да ерекше мән береді. Ол Кореядағы қандастар арасында белгілі бір кітапты кеңінен таратып жүр.
Өзбекәлі Жәнібек ағамыздың кітабын жиі ұсынамын. Қазір Қазақстанда ол өте жақсы сатылып жатқан кітаптардың бірі. Онда қазақтың болмысы, дәстүрі, ұлтты ояту жолындағы еңбектер өте әсерлі жазылған. Осы кітапты оқыған адамда патриоттық рух оянады. Мен оны Кореядағы қазақтарға да ұсынып жүрмін. Көпшілігі оқып шықты, ерекше әсер алғанын айтады, — дейді.
«Кореядағы қазақтармен байланыс үзілген емес»
Мен қазір Сеул қаласында тұрамын. Мұндағы қандастарымызбен байланысымыз өте тығыз. Апта сайын бірге кешкі ас ішіп, кездесіп тұрамыз. Бірге қыдырамыз, кейде басқа қалаларға да бірге барамыз. Қазақтың жанына қазақ қана жақын ғой, мұнда жүріп соны тағы бір сезіндік. Қандай қиындық болса да, бір-бірімізге сүйеу болуға тырысамыз, — деді.
Бұл шетелде жүрген қазақтар арасында өзара қолдаудың, бірліктің бар екенін көрсетеді. Тек мәдени, рухани емес, күнделікті өмірде де қолдасу маңызды.
«Кореяда мәңгі қалу – менің жоспарым емес»
Кейіпкеріміз Кореяға мәңгі қалу үшін емес, уақытша мақсатпен келген.
Бастапқыда осы елге біршама тәжірибе жинауға, тіл үйренуге, жұмыс істеуге келдім. Қазір Кореяда жүргеніме бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде өзіме қойған бірнеше маңызды мақсатқа қол жеткіздім. Енді Алланың жазуымен, елге қайтып, сол алған білім мен тәжірибемді Қазақстанда жүзеге асыруды көздеп отырмын, – дейді.
Айтуынша, Қазақстаннан да белгілі бір ұсыныстар түсіп жатыр. Қазір оларды сараптап, нақты шешім қабылдауға дайындалып жүр.
«Ауыл жастарына шетелдің есігі ашық екенін жеткізгім келеді»
Туған жер, туған мектеп – әр адамның жүрегіне жақын. Әділет Аманжолдың өзі Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан шыққан. Қазір қалада тұрса да, туған ауылына жиі барып тұрады.
Шетелде жүрсем де, ауылымдағы мектеп жиі шақырады. Желтоқсан айында бар болғаны төрт күнге елге бардым. Соның бір күнін, арнайы уақытым тығыз болса да, туған ауылымдағы мектепке арнадым. Бұл — мен үшін маңызды. Себебі ауылдағы балаларға өз басымнан өткен тәжірибе арқылы бір нәрсе айтқым келеді: шетелге шығу, білім алу – арман емес, нақты мақсатқа айналуы керек, – деп есептейді.