Маңғыстау облысының экс-депутаты Ынташ Наурызова облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың ізіне адам салып, қорқытып жатқанын айтты. Себебі ол бұған дейін ұлының әкесі облыс басшысы екенін ашық жеткізген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұрынғы депутат Ынташ Наурызова облыс әкімі соңына адам салғанын айтып, президент Тоқаевтан көмек сұрады.
“Қазір 2022 жылы дүниеге келген ұлым бар. Ұлымның әкесі Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай. Жылдар бойы қиындық көріп, ешкімге айтпай жүрген едім. Себебі баламның әкесіне қатты сендім. Алайда қазір әкім мені қорқытып, түрлі әрекет жасап жатыр. Бір жылдай уақыт болды шыдап жүргеніме. Баламның тегі болсын, араласып тұр, уәдеңді орында дегенім үшін мені қорқытып, артымнан адамдар жібереді. Мені тыныштығымнан айырды”, – деді ол.
Наурызова оның соңынан мемлекеттік қызметкерлер, белгісіз біреулер мен қарақшылар аңдып жүретінін айтты. Ол әкімнің кесірінен барлық есік жабылып, соңынан түрлі өсек тарап жатқанын айтты.
“Мені некесіз, тексіз бала дүниеге әкелдің деп қаралп жатыр. Айтқан өсектері мен қысымы да аз емес. Сондай-ақ желіде менің атымнан арнайы тапсырыспен балағат жазбалар мен пікірлер жазылып жатыр. 2024 жылы құқық қорғау органдарына шағым түсірдім. Алайда арызым қаралмай, жабылып қалды. Қазір шарасыз күйдемін”, – деп жазды ол.